Otpan News Logo

Ақтауда Жеңіс саябағына Нұрлыбай Қонақбаевтың есімі берілді

Ақтауда Жеңіс саябағына Нұрлыбай Қонақбаевтың есімі берілді

Жеңіс мерекесіне орай Ақтауда Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті аумағындағы шағын Жеңіс саябағына ардагер Нұрлыбай Қонақбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Салтанатты шараға Қарулы күштердің ардагерлері, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, Нұрлыбай Қонақбаевтың туған-туыстары мен достары қатысты. Жиналғандар ардагерді еске алып, оның елге сіңірген еңбегі мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін атап өтті.


Ардагерлер кеңесінің өкілдері Нұрлыбай Данабайұлының бастамасымен саябақ аумағында ескерткіштер мен мемориалдық нысандар салынғанын айтты. 2011 жылдан бері мұнда Жеңіс күніне арналған еске алу шаралары тұрақты өткізіліп келеді. Биыл да дәстүр бойынша әскери шатыр тігіліп, қонақтарға сарбаз ботқасы ұсынылды.


Нұрлыбай Қонақбаев 1947 жылдың 13 мамырында Түрікменбашы қаласында дүниеге келген. Мектептен кейін Ачинск әскери авиациялық-техникалық училищесіне түсіп, 35 жылдан астам уақытын Қарулы күштер саласындағы қызметке арнаған. Әуе техникасы маманы болып еңбек етіп, түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Форт-Шевченко қаласының әскери комиссары, кейін әскери-техникалық мектептің басшысы болды.


2012 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Қазақстан Қарулы күштері ардагерлері республикалық бірлестігінің өңірдегі филиалын басқарған. Оның бастамасымен қорғаныс істері департаменті аумағында әскери даңқ музейі мен Жеңіс саябағы ашылды. Бұл орындар бүгінде жастарға тағылым беретін, ерлік пен елдік рухын дәріптейтін маңызды мекенге айналған.


Ардагер төрт бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының барлығы әке жолын жалғап, өмірлерін әскери қызметпен байланыстырған.


Нұрлыбай Қонақбаевтың ұлы Асқар Қонақбаев бұл күн отбасы үшін ерекше маңызды екенін айтты.


– Бүгін біздің отбасы үшін толқынысқа толы ерекше күн. Әкем өмірін елге қызмет етуге арнады. Ол әрдайым ізденіп, туған жеріне пайдасын тигізуге тырысатын. Осы саябақтың ашылуына бастамашы болды. Бүгінде әкеміздің еңбегі ел жадында сақталып, ісі жалғасып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш, – деді ол.


Шара барысында қала тұрғындары саябақтағы ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Ардагерлер майдан жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, әскери қызметшілер жастармен әңгімелесті.

79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!