Otpan News Logo

Қазақтың алғашқы атомдық суасты крейсерінің командирі 80 жасқа толды

Қазақтың алғашқы атомдық суасты крейсерінің командирі 80 жасқа толды

Отандық және кеңестік әскери-теңіз флотының аңыз тұлғасына айналған Майдан Сәлменов 80 жасқа толды. Ол – стратегиялық мақсаттағы атомдық суасты зымыран тасығышына қолбасшылық ету сеніп тапсырылған тұңғыш қазақ, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Майдан Сәлменов 1946 жылы 9 мамырда, Жеңіс күнінен бір жыл өткен соң Павлодар облысындағы Антоновка ауылында дүниеге келген. Ауылдағы жалғыз үлкен су айдыны – Ертіс өзені еді. Ертіс жағасында өскен қарапайым ауыл баласы бір күні алып атомдық суасты крейсерін басқарамын деп ойламаған да еді.


Тағдыр оны өмір жолында талай ерекше адаммен жолықтырды. Әскерде жүрген кезінде ол тіпті Юрий Гагаринге түскі ас апарып берген.

 

«Асхана бойынша кезекші едім. Бөлім командирі шақырып алып, өзінің УАЗ көлігін берді. Көлікте түскі ас пен жеміс-жидек тұр екен. «Мұны Гагаринге апарасың» деді. Іздеп тауып, асты ұсындым. Ол рақмет айтып, өзін әлдеқашан түскі асқа шақырғанын жеткізді. Сөйтіп, әлгі асты қайта алып келдім», – деп еске алады Майдан Сәлменов.

 

Алдымен ол Ленинградтағы жоғары әскери-теңіз суасты училищесінде білім алды. Кейінгі өмірі түгелдей теңіз қызметімен, мұхиттың қатал мектебімен және офицерлік даярлықпен жалғасты. Мұнда адам техникамен, тереңдікпен және алып мұхитпен бетпе-бет қалатын жағдайда шешім қабылдай алатын командирлерді дайындайтын.

 

Майдан Сәлменовтың флоттағы қызметі – күнтізбелік есеппен 25 жыл. Алайда қызметтің ерекше тәртібіне байланысты бұл мерзім екі еселеніп есептеліп, жарты ғасырға жуық суасты вахтасымен пара-пар болды. Ол кеңес дәуірінде стратегиялық мақсаттағы атомдық суасты зымыран крейсерін басқарған жалғыз белгілі қазақ ретінде тарихта қалды.

 

1992 жылы І дәрежелі капитан шенімен запасқа шыққаннан кейін Шымкент қаласы әкімдігінде қорғаныс саласына жауапты қызмет атқарды. Алайда бір жылдан соң Қазақстан Президентінің Әскери-теңіз күштерін құру туралы жарлығы шыққан кезде қайтадан қызметке шақырылды.

 

Осылайша ол Қазақстан флотының негізін қалаушылардың біріне айналып, ҚР Әскери-теңіз күштері кемелер дивизионын басқарды. Ол кезде Баутино мен Ақтауда тек қаңырап бос қалған айлақтар мен терезе-есігі жоқ ғимараттар ғана болған.

 

«Мемлекет басшысының жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін құрдық. Ақтауда жаңадан жасақталған штабты басқардым. Баутино ауылында бәрі енді басталып жатқан кез еді. Негізгі кемелер Ресей мен Әзербайжанға әкетілгеннен кейін бірнеше катер ғана қалған. Кейін солар болашақ флоттың негізіне айналды. Артынша оларды шекара қызметіне бердік», – дейді Майдан Сәлменов.

 

Ол Баутино ауылдық округінен ұзақ жыл депутат болды. Сонымен қатар «Қазмортрансфлот» компаниясын құруға да атсалысып, атауын да өзі ұсынған.

 

Кейін азаматтық салада да теңіз бағытындағы жұмысын жалғастырып, Көлік және коммуникациялар министрлігінің су көлігі департаментінде теңізде жүзу бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Оның міндетіне теңізде жүзуге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу кірді. Сондай-ақ қазіргі қолданыстағы «Сауда мақсатындағы теңізде жүзу туралы» заңның қабылдануына да елеулі үлес қосты.

 

Бұдан бөлек, «Ақтау–Махачкала–Ақтау» бағыты бойынша мұнай тасымалын ұйымдастыру және Иран бағытына жүк кемелерінің қатынасы да оның жауапкершілігінде болды.

 

Майдан Сәлменовтың өмір жолы – тек мұхит тереңдігімен ғана емес, мемлекет мойындаған еңбегімен де ерекшеленеді. Ол тың және тыңайған жерлерді игергені үшін медальмен, мінсіз әскери қызметі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдармен, «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ оған КСРО Қарулы күштерінің ардагері атағы берілген.

 

Қазір Майдан Сәлменов Астанада тұрады. Алты немеренің ортасында, шаңырағы шаттыққа толы. Отбасының ортасында, немере-шөбересінің қызығын көріп отыр. Бұл тыныш та шуақты өмір оның суасты тереңдігінде өткен қатал қызметінен мүлде бөлек.


«Әскери адаммен бірге тұру оңай емес. Қызметтің әсері болар, ол өте талапшыл, тәртіпті жақсы көреді. Бірақ мейірімді, қонақжай, жанашыр жан. Ол – жақсы жар, әке, ата. Отбасы үшін бәріне дайын. Көзі көрмей қалғанға дейін үй шаруасына көп көмектесетін, үйдің жұмысын істеуді ешқашан ар көрген емес. Қазір көзі өте нашар көргенімен, үйде өзін жайлы сезінеді. Шаңырағымызға бұрынғы қызметтестері әлі күнге дейін әр мерекеде келіп тұрады», – дейді жұбайы Ғалия Сәлменова.
99
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!