Маңғыстау полициясы жарты жылда 200-ден астам жоғалған адамды тапты
2026 жылдың алғашқы алты айында Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам адамның жүрген жерін анықтап, оларды туған-туыстарымен қауыштырған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, өңірде күн сайын азаматтардың жоғалғаны туралы хабарламалар келіп түседі. Кей күндері мұндай өтініштердің саны 10-нан асады. Әрбір хабарлама тіркелген сәттен бастап бақылауға алынып, іздестіру жұмыстары бірден басталады.
Іздестіру шараларына криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция, жедел қызметтер және еріктілер жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен басқа да заманауи техникалық құралдар пайдаланылады.
Полицияның айтуынша, жоғалған адамды іздеу – тек қызметтік міндет емес. Әрбір хабарламаның артында адамның тағдыры мен жақындарының үміті тұрғандықтан, іздестіру жұмыстары барынша жедел ұйымдастырылады.
Ведомствоның дерегінше, әрбір адамның өмірі мен қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан полицейлер жоғалған азаматтың жүрген жерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде анықтап, оны отбасына аман-есен қайтару үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Осыған байланысты Маңғыстау облысы полиция департаменті тұрғындарға маңызды ескерту жасады. Егер жақыныңыз немесе танысыңыз хабар-ошарсыз жоғалса, белгілі бір уақыттың өтуін күтудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда бірден «102» арнасына немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласқан жөн. Уақытылы берілген ақпарат іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттырып, адамның аман-есен табылу мүмкіндігін едәуір жоғарылатады.