Маңғыстау облысының бас полицейі жарты жылда 140-тан астам тұрғынның мәселесін тыңдады
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Күзембаев 2026 жылдың алты айында 140-тан астам азаматты жеке қабылдады. Полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындардан түскен барлық өтініш заңнама талаптарына сәйкес қаралып, әрбір мәселе бойынша жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар негізінен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық істерді тергеу, жол қозғалысы қауіпсіздігі, заңдылықтың сақталуы, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін көтерген.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтарды жеке қабылдау – полиция мен қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызды тетіктерінің бірі. Осыған байланысты әрбір өтініш департамент басшылығының ерекше бақылауында болады. Өйткені тұрғындардың мәселелерін уақытылы қарау құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтып, полиция жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Маңғыстау облысы полиция департаментінде азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, ашықтықты қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы негізгі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.