Ақтауда 59 граммға жуық мефедронмен ер адам ұсталды
Ақтауда синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу күдігімен ер адам ұсталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен өткен жедел іс-шара барысында анықталған. Операцияны Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген.
Полиция мәліметінше, күдіктіні жеке тінту кезінде зип-пакеттерге салынған күмәнді заттар мен ұялы телефон тәркіленген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 58,9 грамм болатын мефедрон есірткісі екені анықталды.
Бұдан бөлек, медициналық куәландыру нәтижесі бойынша күдіктінің есірткілік масаң күйде болғаны белгілі болды. Осыған байланысты оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Осы дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдары оқиғаның өзге мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.