Otpan News Logo

Ақтаулық «Жас теңізшілер» халықаралық «Айбын» жиынында үздік үштікке енді

Ақтаулық «Жас теңізшілер» халықаралық «Айбын» жиынында үздік үштікке енді

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері «Жас теңізшілер» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Щучинск қаласында өткен XII халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есепте ІІІ орынды иеленді. Олар 53 үздік команданың арасынан топ жарып, жүлдегер атанды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Бірнеше күнге созылған жиын барысында қатысушылар әскери-қолданбалы, зияткерлік және спорттық сайыстарда өзара бақ сынады. Нәтижесінде «Жас теңізшілер» командасы Smart Sarbaz робототехника байқауында І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Айбын дарыны» шығармашылық байқауында, автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтау, белтемірге тартылу жарыстарында ІІ орын иеленді.


Бұдан бөлек, әскери эстафетада ІІІ орынға тұрақтап, арқан тарту сайысында IV орынға қол жеткізді. Ал «Айбын жұлдызы» әскери-патриоттық ән байқауында көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды.


Жеке есепте де ақтаулық жас сарбаздар жоғары нәтижелерімен ерекшеленді. Ақтау қаласындағы С. Қондыбай атындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Камила Костромина «Үздік жас сарбаз» құрметті атағына ие болды. Махаббат Амандық автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтау сайысында І орынды жеңіп алса, Әмина Нұрлыбаева ұлттық «Бес асық» ойынында күміс жүлдегер атанды.


Ал Әнуар Бекқали белтемірге 46 рет тартылып, жарыстың абсолюттік рекордын жаңартты.


Жарыстан оралған команданы Әскери-теңіз базасының командирі, І дәрежелі капитан Есенғали Байботаев арнайы құттықтап, клуб тәрбиеленушілері мен олардың жетекшілеріне Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің абыройын халықаралық деңгейде лайықты қорғағаны үшін алғыс білдірді


“Сендер Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін абыроймен таныстырып, табандылықтың, тәртіптің және командалық бірліктің жеңіске жеткізетінін дәлелдедіңдер. Біз сендерді мақтан тұтамыз және болашақта әскери теңізшілердің даңқты дәстүрін жалғастыратындарыңызға сенеміз”, – деді Әскери-теңіз базасының командирі.


«Жас теңізшілер» командасының жетістігі – тәрбиеленушілер мен олардың тәлімгерлерінің көпжылдық еңбегінің жемісі. Бұл жеңіс қазақстандық жастардың әскери-патриоттық даярлығының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!