Otpan News Logo

Жаңа Конституция бойынша Парламенттің (Құрылтайдың) рөлі арта ма? Заң шығару сапасына әсері қандай?

|
26.02.2026 20:03
Жаңа Конституция бойынша Парламенттің (Құрылтайдың) рөлі арта ма? Заң шығару сапасына әсері қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда: «Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды. Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.»


Президенттің осы сөздері жаңа Парламенттің болашағы жөніндегі негізгі ой-пікірді нақты көрсетеді. Жаңа Конституцияда Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде бекітілген (52-бап). Барлық негізгі өкілеттік дәл осы органға түседі.


53-бап бойынша Құрылтай 145 депутаттан тұрады және бес жыл мерзімге сайланады. Біртұтас жалпыұлттық сайлау округі арқылы сайлану депутаттардың бүкіл ел алдында жауапты екенін көрсетеді. Олар тек өңірлік мүддені емес, жалпыұлттық мүддені қорғайды. 54-бап сайлау тәртібін нақтылайды. Жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы Құрылтайдың легитимдігін арттырады. Халық тікелей сайлаған органның саяси салмағы жоғары болады.

56-бап Құрылтайдың кең өкілеттігін белгілейді. Құрылтай конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдайды, Президент қарсылығын еңсере алады, республикалық бюджетті бекітеді, Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіре алады, жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім береді және Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдайды.


Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бекітілмесе, ол Үкіметке сенімсіздік білдіру деп саналады. Мұндай норма Құрылтайдың бақылау рөлін айқындайды.


61-бап бойынша конституциялық заңдар депутаттардың кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады. Президенттің қарсылығын еңсеру үшін де жоғары дауыс қажет. 58-бап бойынша отырыстың өтуі үшін депутаттардың кемінде үштен екісі қатысуы тиіс.


Жоғары кворум талаптары әр заң жобасын мұқият талқылауға мәжбүр етеді. Пікір алуандығы қарастырылады. Осындай тәртіп заңдардың сапасын арттырады.


55-бап депутаттардың жеке дауыс беруін міндеттейді. Кәсіпкерлікпен айналысуға шектеу бар. Мандаттан айырылу негіздері нақты көрсетілген. Мұндай талаптар Құрылтайдың жұмысын тұрақты және жүйелі етеді.


57–59-баптар Құрылтайдың құрылымын реттейді. Төраға жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар құрылады, заң жобалары алдымен комитеттерде қаралады. Осындай құрылым заң жобаларының дәлдігін қамтамасыз етеді.


Жаңа Конституция Құрылтайға кең өкілеттік береді және оны мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі институттарының біріне айналдырады. Құрылтай заң қабылдайды, бюджетті бекітеді, Үкіметке саяси баға береді, жоғары лауазымдарға келісім береді.


15 наурызда өтетін референдум осы өзгерістерге халықтың тікелей қолдау білдіруін көрсетелі. Азаматтар конституциялық жаңаруды дауыс беру арқылы бекітеді. Құрылтайдың кеңейтілген өкілеттігі мен қатаң заң шығару тәртібі Парламенттің рөлін күшейтеді.

40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!