Otpan News Logo

Тоқаев ТМД-ның I Волонтерлер форумына қатысушыларға сәлем жолдады

|
20.08.2026 15:47
Тоқаев ТМД-ның I Волонтерлер форумына қатысушыларға сәлем жолдады

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) I Волонтерлер форумы өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Форум ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен жыл сайын өткізілетін тұрақты алаң ретінде құрылды. Негізгі мақсаты – Достастық елдеріндегі волонтерлік бастамаларды біріктіру, тәжірибе алмасу және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту.


Форумның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтимов, сондай-ақ волонтерлік ұйымдар мен ТМД елдерінің делегациялары қатысты.


Іс-шараның ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арналған құттықтау хатын Аида Балаева оқып берді.


Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл форумды өткізудегі негізгі мақсаты – ТМД аясында тәжірибе алмасып, волонтерлік бастамаларды халықаралық деңгейде біріктіретін тұрақты платформа қалыптастыру екенін атап өтті.


Тоқаев волонтерліктің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, еріктілік азаматтық жауапкершілікті арттырып, қоғамдағы жаңа құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді.


Президент Қазақстандағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын волонтерлік белсенділіктің жарқын үлгісі ретінде атады. Бұл бастама қысқа уақыт ішінде көптеген азаматты, әсіресе жастарды ортақ іске жұмылдырған.


Биыл Волонтерлер жылы аясында Қазақстанда мыңдаған іс-шара ұйымдастырылып, елдегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтаған.


Президент форум ТМД елдері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы байланыс пен өзара сенімді арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.


Екі күнге жоспарланған форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан шамамен 300 делегат қатысып жатыр.


Іс-шара барысында панельдік отырыстар, тақырыптық пікірталастар және волонтерлік саладағы табысты жобалардың таныстырылымдары өтеді. Сонымен қатар экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, жастар волонтерлігі бағыттарында бірлескен бастамаларды дамыту мәселелері талқыланады.


Негізгі мақсат – ТМД елдері арасындағы волонтерлік қозғалысты күшейтіп, ортақ әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашу.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!