Otpan News Logo

Әлемдік блогердің Маңғыстауда түсірілген фильмі 3 миллионнан астам қаралым жинады

Әлемдік блогердің Маңғыстауда түсірілген фильмі 3 миллионнан астам қаралым жинады

Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге паш еткен ауқымды жобалар халықаралық аренада үлкен сұранысқа ие бола бастады. Солардың қатарында әлемге танымал трэвел-блогер, режиссер-документалист Джо Хаттабтың «Inside Kazakhstan (Nuclear Missiles, Space Rockets & Eagle Hunters)» атты деректі фильмі YouTube желісінде 3 миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Бұл туынды арқылы шетелдік көрермендер Қазақстанның тарихы, мәдениеті және заманауи келбетімен қатар, еліміздің ерекше табиғатымен де кеңінен танысты. Әсіресе, фильмге енген Маңғыстау өңірінің қайталанбас ландшафты жаһандық аудиторияның ерекше ықыласына бөленіп отыр.


Кадрларда өңірдің фантастикалық фильмдердегі мекендей көрінетін әсем келбеті жан-жақты сипатталған. Атап айтқанда, көрермендер Қызылкүп шатқалы, Боқты тауы, Көгілдір лагуна жағалауы, Бозжыра шатқалының ақ жартастары мен Қарынжарық ойпатының тылсым көріністерін тамашалай алады.


Маңғыстаудың бір-біріне ұқсамайтын табиғи нысандары мұндағы шөлейт дала, борлы таулар мен теңіз жағалауының үйлесімін айқын көрсетеді. Шетелдіктер өңірдің бұл ерекшелігін «өзге әлемге ұқсас» ландшафт ретінде жоғары бағалап жатыр.


Бейнематериал астына жазылған жүздеген пікір бұл сөздің дәлелі бола алады. Мәселен, Марокко тұрғыны Қазақстан халқына ықыласын білдіріп: «Мен бұл әдемі елді және оның керемет халқын жақсы көремін, бағалаймын және құрметтеймін», – деп жазды. 


Бұл жоба еліміздің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығын одан әрі күшейте түсті.

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!