Елімізде «Келешек мектептері» жобасы оқушыларға арналған заманауи мектеп инфрақұрылымын қалыптастырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сапалы білім беру, оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептерді жою арқылы тең жағдай жасауға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асты, деп хабарлайды otpannews.kz.
ҚР Үкіметінің мәліметінше, үш жыл ішінде жоба аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды: 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді, сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды. Нысандардың едәуір бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жүзеге асты.
Ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Ауылдық жерлерде жаңа форматтағы 84 мектеп салынды, соның арқасында 130 мыңнан астам ауыл балалары заманауи және жайлы білім беру ортасына қол жеткізе алады.
«Келешек мектептерінің» ауданы бұрынғы типтік жобалар бойынша салынған мектептерден орта есеппен алғанда 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықтау деңгейі 4 еседен астам жоғары.
Мектептер заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушыларға жылжымалы трансформер-парталар мен жеке шкафтар беріледі, санитарлық нормаларға сәйкес әр қабатта ауыз су бұрқақтары орнатылады. Шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін толық жарақтандырылған әмбебап шеберханалар, студиялар мен бастауыш кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған.
Жобаны жүзеге асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Мектептердегі кеңістіктер оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек блоктар қарастырылған. Жоғары қауіпсіздік шаралары заманауи техникалық шешімдерді енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Мектептер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталуда.
Қазіргі заманғы инфрақұрылым мұғалімдердің тиісті дайындығын талап етеді. Осыған байланысты осы жылы 1,6 мыңнан астам педагог STEM-білім беру, жаратылыстану-ғылыми пәндер, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлері базасында тәжірибеге бағдарланған семинарлардан өтті. 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инклюзивті білім беру және «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытумен қамтылды.
Сонымен қатар мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 200-ге жуық директорға арналған «Келешек мектептері» маусымдық академиясын, сондай-ақ 200-ге жуық директордың тәрбие жөніндегі орынбасарларына арналған оқыту семинарын өткізді.