Otpan News Logo

Маңғыстауда экологиялық бақылау күшейді: Тексеру кезінде 54 заңбұзушылық анықталды

|
20.08.2026 11:18
Маңғыстауда экологиялық бақылау күшейді: Тексеру кезінде 54 заңбұзушылық анықталды
Көрнекі сурет (Ашық дереккөзден)

Маңғыстау облысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және елді мекендердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілгені мәлім болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев мәлімдеді.


Оның айтуынша, жыл басынан бері департамент инспекциялық қызмет аясында 26 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 54 заңбұзушылық анықталып, оларды жою бойынша тиісті нұсқамалар берілген көрінеді. 


«Маңғыстау облысы табиғи ресурстарға бай, мұнай-газ саласы қарқынды дамыған өңір. Сондықтан экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде өңірдегі негізгі экологиялық мәселелердің қатарында өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуы, ауа сапасы, су тапшылығы және мұнай өндіру нысандарының қоршаған ортаға әсері бар», – деді Армат Жүсіпқалиев.


Армат Жүсіпқалиев анықталған заңбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатқанын атады. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде 36 әкімшілік айыппұл салынса, оның 33-і толық өндірілген екен.


Бұдан бөлек, өңірдегі экологиялық мәселелердің бірі – заңсыз қоқыс орындарының пайда болуы болып отыр. Табиғат пайдалану және ғарыштық мониторинг нәтижесінде өңір аумағында 106 заңсыз қоқыс нүктесі анықталған.


Армат Жүсіпқалиевтің айтуынша, аталған нүктелер бойынша арнайы жұмыс кестесі бекітілген. Заңсыз қоқыс орындары негізінен Мұнайлы ауданында, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында шоғырланған.


«Сол 106 нүкте бойынша қазіргі таңда кесте бекітілген. Ең көп шоғырланған Мұнайлы ауданы, сонымен қатар Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы осы нүктелер бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. Жүргізілмеген жағдайда департамент тарапынан тиісті әкімшілік шара қолданылатын болады», - деді департамент басшысы.


Оның айтуынша, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстарына жауапты тұлғаларға да талап күшейтіледі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында анықталған қоқыс орындары уақытында тазаланбаған жағдайда, тиісті әкімдік өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралмақ. 


Департамент басшысы қазіргі таңда анықталған заңсыз қоқыс орындарын жойып, олардың қайта пайда болуына жол бермеу маңызды екенін атап өтті. Жалпы, Маңғыстау облысында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында мемлекеттік бақылау, мониторинг және табиғатты қорғау шаралары тұрақты түрде жалғаса бермек.

64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!