Бибісара Асаубаева Cairns Cup турниріндегі нәтижесін қорытындылады
Маңғыстаулық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен Cairns Cup 2026 турниріндегі нәтижесіне пікір білдірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шахматшы Telegram-арнасында жариялаған бейнежазбасында жарысты «бірқалыпты, жұмысқа толы турнир болды» деп бағалаған. Асаубаева тоғыз турдың қорытындысы бойынша 5 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Ол америкалық шахматшы Кларисса Йиппен бірдей ұпай жинап, қола медаль иеленді.
«Бірқалыпты турнир болды. Жұмысқа толы деп айтар едім. Ең бастысы - жақында АҚШ-тан кетемін. Мұнда ұзақ уақыт болғандықтан, біраз шаршадым», - деді Бибісара Асаубаева.
Турнирдің ресми кестесіне сәйкес, Cairns Cup жарысының жабылу рәсімі 20 тамызға, ал қатысушылардың Сент-Луистен кетуі 21 тамызға жоспарланған.
Асаубаеваның алдағы маңызды жарыстарының бірі - 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы. Олимпиада биыл Өзбекстанның Самарқанд қаласында 15-27 қыркүйек аралығында өтеді.