«Маңғыстау»теміржол вокзалы қарашада қолданысқа беріледі
Маңғыстау облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өңірдегі маңызды стратегиялық нысандардың бірі – «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары 85%-ға аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы нысанға арнайы барып, құрылыс барысымен танысты және жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаны қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жаңа жолаушылар кешенінің жалпы аумағы бұрынғы 763,7 шаршы метрден 8 899 шаршы метрге дейін, яғни 11 еседен астам ұлғайтылады. Вокзалда кең күту залдары, билет кассалары, сапалы қызмет көрсету аймақтары және ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық берілді.
Қазіргі таңда шатыр, қасбет және ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ заманауи инженерлік және қауіпсіздік жүйелері монтаждалуда.
Құрылыс алаңында қазіргі уақытта 192 маман мен 16 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жобаны толық аяқтап, пайдалануға беру 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңартылған вокзал өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға еуропалық деңгейде қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бұған дейін осы бағдарлама аясында өңірде «Шетпе» теміржол вокзалы да қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта «Маңғыстау» нысанымен қатар «Бейнеу» вокзалын да жаңарту жұмыстары жалғасын табады.