Otpan News Logo

Маңғыстауда отандық балалар киімі фабрикасы салынып жатыр

|
21.08.2026 16:51
Маңғыстауда отандық балалар киімі фабрикасы салынып жатыр

Маңғыстау облысында жергілікті өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында балаларға арналған отандық өнім шығаратын жаңа фабриканың құрылысы басталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары барысында қазіргі «Rakhim baby» тігін цехының жұмысымен танысып, жаңадан бой көтеріп жатқан фабрика нысанын аралап көрді.


Фабрика 0,2 гектар аумақта салынып жатыр. Нысан толық іске қосылған соң өндіріс қуаты жылына 1,2 миллион өнімге жетеді. Қазіргі таңда цехта 80 адам еңбек етсе, жаңа фабрика ашылған соң тағы 60 жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлер саны 140-қа жетеді.


2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын нәрестелер мен балаларға арналған 200-ден астам өнім түрін шығарады. Олар Ақтаудан бөлек Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе сынды еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. 


Қазіргі кезде фабриканың қабырғалары қаланып, сылақ жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.


Өңір басшысы жергілікті кәсіпкерлікті қолдау – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.


«Біздің міндетіміз – өңірде өндірілетін өнім көлемін арттыру, нарықтағы отандық тауарлардың үлесін кеңейту және тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын құру», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Сапар соңында әкім жауапты салалық ведомстволарға бұл жобаны қаржыландыру мәселелерін пысықтап, құрылыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!