Otpan News Logo

Маңғыстауда демалыс базасын салуға бөлінген бюджет қаржысын кәсіпкер депозитке салған

Маңғыстауда демалыс базасын салуға бөлінген бюджет қаржысын кәсіпкер депозитке салған

Маңғыстауда туристік нысан салуға мемлекеттен бөлінген 117,2 млн теңгені заңсыз алған кәсіпкерге қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Тергеу барысында «А» жеке кәсіпкерлігінің өкілі орындалған жұмыстардың көлемін әдейі асыра көрсетіп, жалған жобалық-сметалық құжаттарды пайдаланғаны анықталған. Осылайша ол Маңғыстауда демалыс базасын салуға мемлекеттен 117,2 млн теңге көлемінде заңсыз субсидия алған.


Прокуратураның мәліметінше, мәлімделген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған. Сонымен қатар туристік нысан мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенге дейін-ақ салынған.


«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында жымқырылған бюджет қаражаты банктегі депозитке орналастырылған. Соның нәтижесінде кәсіпкер қосымша 5,6 млн теңге табыс алған», – деп хабарлады облыстық прокуратура.


Ақтау қалалық сотының үкімімен «А» жеке кәсіпкерлігінің өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Сот үкімі заңды күшіне енді.


Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемдену заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!