Otpan News Logo

Биыл Маңғыстауда туберкулез көрсеткіші төмендеді

Биыл Маңғыстауда туберкулез көрсеткіші төмендеді

Маңғыстау облысында туберкулез ауруына қатысты эпидемиологиялық ахуалда оң динамика байқалады. Биыл өңірде туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл – ауруды ерте анықтау, науқастарды уақтылы емдеуге бағытталған шаралар мен білікті мамандар жұмысының нәтижесі. Маңғыстау облыстық фтизиопульмолология орталығының мамандарымен otpannews.kz сайтының тілшісі Гүлсезім Әбдіжәлел тілдесіп келді.


"Соңғы 10 жылдың ішінде Маңғыстау облысында туберкулез ауруы қарқынды түрде азайып келеді. Мәселен, өткен жылы 100 төсек-орын болса, биыл олардың саны 70-ке қысқарды. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық фтизиопульмолология орталығында 45 науқас ем алып жатыр. Оларға уақытында ем-дом көрсетіліп, тиісті дәрі-дәрмектері беріледі. 10 жыл бұрын туберкулездің таралу көрсеткіші жүз мың халыққа шаққанда 149,6 болса, өткен жылдың қорытындысымен 42,5, яғни 3,5 есеге төмендеген. Туберкулезден балалар арасындағы ауру көрсеткіші бойынша 10 жыл бұрын 15,2 болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 14%- ға төмендеді. Өлім-жітім көрсеткіші 10 жыл бұрын 5,4 болса, соңғы нәтиже бойынша 1,5-ке азайды", -деді Маңғыстау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Алмабек Бисен.

 

Маңғыстау облыстық фтизиопульмолология орталығына өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мекеме ұлттық аккредиттеуден 100% нәтижемен сәтті өтті. Орталық науқастарға қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталады. Мамандар лас аймақтан таза аймаққа ауысарда бірреттік киімдерін шешіп, қолдарын антисептикпен өңдейді.


"Маңғыстау облыстық фтизиопульмолология орталығының қабылдау және диагностикалау бөлімшесінде науқастар ем алады. Мұнда жоспарлы және шұғыл түрде аурулар келіп түседі. Олардың жай-күйін арнайы триаж бойынша анықтайды. Жоспарлы түкен науқастардың диагностикалық ақпараттары дайын күйде келгендіктен көп уақыт алмай науқас бөлек аймақ арқылы бөлімшеге жеткізіледі. Ал шұғыл түрде келген науқас уақытша оқшаулау бөлмесіне жатқызылып, қақырық сынамасы алынады. Сынаманың нәтижесі дайын болғанша пациент бақылауда болады", - деді Маңғыстау облыстық фтизиопульмонология орталығының госпитальдық эпидемиологы Мөлдір Базарбаева. 


Туберкулезді диагностикалауда заманауи зертханаларда негізгі үш аппарат қолданылады. Олардың жұмыс принциптері мен нәтиже шығару мерзімдері әртүрлі. Мәселен, Бактек аппараты бактерияны арнайы сұйық ортада өсіріп анықтайды. Мерзімі ұзағырақ болғанымен, нәтижесі өте дәл болып саналады (14–21 күнде нәтиже дайын болады). Одан бөлек ауруханада «GeneXpert» және «Хайн-тест» аппараттары жұмыс істейді. Олардың нәтижесі 2 күнде дайындалады. Бұл әдіс туберкулезді жылдам анықтап қана қоймай, оның дәрілік препараттарға төзімділігін де тексеруге мүмкіндік береді. Бұл құрылғылар жылына 6000-7000-ға жуық зерттеу жұмыстарын жүргізеді.


Маңғыстау облысында ауру көрсеткіші жыл санап азаюына байланысты өңірде арнайы мамандандырылған бір ғана ортақ аурухана жұмыс істейді. Сонымен қатар мониторинг және бақылау тобы әрбір ауданға барып, туберкулездің алдын алу және емдеу мәселелерін жіті бақылауда ұстап отырады. Мамандардың айтуынша, туберкулездің алдын алуда ауруды ерте анықтаудың маңызы зор. Ақ халаттылар тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

90
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!