Денсаулық сақтау саласында «халықтық бақылау» тетігі кеңейеді
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі цифрлық сервистер қатары көбейіп келеді. Жаңа құралдар азаматтарға емдеу мекемелерінен алған қызметтерін бақылауға, сақтандыру мәртебесін тексеруге және медициналық көмектің сапасына баға беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Otpannews.kz.
«Халықтық бақылау» жобасы аясында тұрғындарға арналған қызметтер eGov Mobile мобильді қосымшасы мен Qalqan платформасы арқылы қолжетімді.
Цифрлық сервистер арқылы бақылау
2026 жылы МӘМС 2.0 жүйесін трансформациялаудың басты бағыттарының бірі — қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін арттыру болды. Бүгінде eGov Mobile пайдаланушылары жүйеге қатысу мәртебесін, сондай-ақ аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті оңай тексере алады.
Жаңа бастамалардың бірі — емдеу ұйымдарына QR-код енгізу. Мекемелерге бұл код денсаулық сақтауды қаржыландыруға арналған Qalqan цифрлық сервисі арқылы беріледі. Пациент кодты сканерлеу арқылы емханаға өзі барып, медициналық қызметті расымен алғанын растайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, мұндай тетік медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етіп, қызметтердің көзбояушылықсыз, нақты көрсетілуін қадағалауға мүмкіндік береді.
Пациенттің жеке профилі
Алдағы уақытта eGov Mobile қосымшасындағы пациенттің жеке профилінің де мүмкіндіктері кеңейеді. Онда азаматтың тіркелген емханасы, сақтандыру мәртебесі, МӘМС жүйесіндегі төлемдер тарихы, жарна аудару кестесі мен жеңілдік санаты сияқты толық ақпарат көрініп тұрады.
Бұдан бөлек, МӘМС жүйесіне қате немесе артық төленген жарналарды қайтару бойынша мемлекеттік қызметті де толық цифрлық форматқа көшіру жоспарланған.
“Халықтық бақылау” тетігі — бұл тұрғындарға eGov Mobile қосымшасы арқылы медициналық қызметтер тарихын көріп кана қоймай, оны алғанын нақты растауға мүмкіндік беретін қоғамдық бақылау құралы. Кейіннен осы платформада қызмет сапасын бағалау және шағымдарды тікелей Қорға бағыттау функциясы іске қосылады, – дейді ӘМСҚ Басқарма төрағасының орынбасары Индира Ерденова.
Оның айтуынша, бұл сервистер денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттырып, азаматтар тарапынан бақылауды күшейтеді әрі көрсетілмеген қызметтерді құжат жүзінде берілді деп бұрмалау қаупін азайтады.
Электронды денсаулық паспорты
Халыққа арналған цифрлық шешімдерді дамытудың келесі кезеңінде электронды денсаулық паспорты мен пациенттің қаржылық паспортын іске қосу көзделіп отыр.
Бұл сервистерде азаматтың алған медициналық көмегі, оның нәтижелері, емдеу құны, сондай-ақ бұл қызметтің ТЕКӨКМ (Тобылған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) немесе МӘМС есебінен қаржыландырылғаны туралы деректер толық көрінетін болады.