Otpan News Logo

Маңғыстауда прокурорлар сауда орталығында тұрғындарға тегін кеңес берді

Маңғыстауда прокурорлар сауда орталығында тұрғындарға тегін кеңес берді

Прокурорлар мен заң саласының мамандары тұрғындарды сауда орталықтарында қабылдап, кез келген құқықтық сұраққа тегін жауап берді, деп хабарлайды otpannews.kz.


«Құқықтық дәріхана» акциясы аясында прокурорлар, құқық қорғау және әділет органдарының қызметкерлері, нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар және мемлекеттік органдардың өкілдері бір алаңға жиналды. Азаматтар жер, тұрғын үй, еңбек, отбасы, мұрагерлік және басқа да құқықтық мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды.


Кейбір тұрғындар көптен бері шешілмей жүрген түйткілдерін ортаға салса, енді бірі қай мекемеге жүгіну керегін, қандай құжат дайындау қажет екенін нақтылап білді. Мамандар әр өтінішті жеке қарап, құқықтарын қорғаудың заңды жолдарын түсіндіріп, мәселені шешудің нақты алгоритмін ұсынды.


Қойған сұрақтарыма толық жауап алдым. Мәселем бірден шешілмесе де, оны шешудің нақты жолдарын түсіндім. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді. Себебі әркімнің уақыты қымбат. Бірнеше мекемені араламай-ақ, өз саласының маманынан тікелей кеңес алу өте тиімді, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлмира Қожанова.


Акция Маңғыстау облысының барлық қаласы мен ауданын қамтыды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын кәсіби құқықтық көмекке жүгінген.


Мұндай формат азаматтарға бір жерде кешенді құқықтық көмек алып, өздеріне толғандырған сұрақтарына жан-жақты жауап алуға мүмкіндігін береді. Осындай іс-шаралар халықтың мемлекеттік институттарына деген сенімін нығайтуға, құқықтық мәдениетін арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын тиімді іске асыруға ықпал етеді деп сенеміз, - деді Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиев. 


Прокуратураның мәліметінше, өңірде екінші рет ұйымдастырылған бұл бастаманың басты мақсаты – заң көмегін халыққа барынша жақындату. Ведомство өкілдері мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!