Бейнеуде 105 жастағы кейуана Құрылтай сайлауында дауыс берді
Бейнеу ауданының 105 жастағы тұрғыны, ғасыр жасаған кейуана Сырға Қалиева Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
1922 жылдың 1 қаңтарында Бейнеу жерінде дүниеге келген Сырға апа – бірнеше тарихи кезеңнің куәгері, саналы ғұмырын еңбекпен өткізген ардақты ана. Ол аудан тұрғындары арасында өнегелі өмір жолымен және ұзақ ғұмыр иесі ретінде кеңінен танылған.
Сайлау учаскесінде Сырға әже ақ батасын беріп, елдің амандығы мен халықтың бірлігіне тілектестігін білдірді.
- Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халқымыздың ынтымағы мен бірлігі ешқашан бұзылмасын. Жастарымыз білімді, тәрбиелі болып, елге қызмет етсін. Қазақстанымыздың болашағы жарқын, әр шаңырақта береке-бірлік болсын. Ел тізгінін ұстаған азаматтарға халықтың игілігі жолында абыройлы қызмет етуді нәсіп етсін. Ақ жаулы ана ретінде барша елге ақ батамды беремін, – деді Сырға әже.
Сырға апаның сайлауға қатысуы – ел өміріне деген жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің және кейінгі ұрпаққа деген ақ тілектің тағылымды үлгісі. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуананың ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауы – кейінгі буынға үлкен өнеге.