Ақтаудағы сайлау учаскелерінде барлық азаматтарға қолайлы жағдай жасалған
Ақтау қаласындағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылған. Соның бірі – №13 мектеп-гимназиясындағы учаске. Мұнда азаматтардың жайлы әрі кедергісіз дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.
Қазақстанның зағиптар қоғамының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Амангелді Мұхамедов те бүгін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін компьютер, ұлғайтқыш лупалар, қосымша жарықтандыру және Брайль қарпімен жазылған арнайы трафареттер қойылған. Сонымен қатар, пандустар мен көру қабілеті төмен азаматтарға арналған тактильді навигация орнатылған. Қажет болған жағдайда жасы үлкен сайлаушыларға да көмек көрсетіледі.
Амангелді Мұхамедов еңбек жолын Бейнеу ауданында бастап, кейінгі 13 жылын көру қабілеті бұзылған азаматтарды қолдау саласына арнаған. Бүгінде облыстық филиалды басқара отырып, азаматтардың еңбекке және қоғамға етене араласуына, өз әлеуетін жүзеге асыруына ықпал етіп келеді.
«Бүгін біз Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына келдік. Бұл – еліміз үшін тарихи әрі маңызды оқиға деп есептеймін. Сондықтан сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасау біз үшін маңызды болды. Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған, белгіленген талаптар сақталған, барлығы тиісті деңгейде ұйымдастырылған», – деді Амангелді Мұхамедов.
Сайлау барысының ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – қоғамдық бақылау. Дауыс беру барысын аккредиттелген байқаушылар бақылап, дауыс беру, дауыстарды санау және хаттамаларды тапсыру процесін қадағалап отыр.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.