Otpan News Logo

Ақтаулықтар экоакциялар аясында 1,5 тоннадан астам қалдық жинады

|
28.09.2026 16:43
Ақтаулықтар экоакциялар аясында 1,5 тоннадан астам қалдық жинады

Ақтауда қайталама шикізат жинауға бағытталған «ЭКО-МИР-ЭКО-ӨМІР» үшінші экологиялық акциясы қорытындыланды. Бір күн ішінде акцияға қатысушылар қайта өңдеуге 583 келі қатты тұрмыстық қалдық пен 44 литр пайдаланылған өсімдік майын тапсырды. Үш акцияның қорытындысы бойынша барлығы 1566 келі қалдық жиналды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Бұл бастама тұрғындарға қажетсіз заттарды жай ғана қоқысқа тастамай, оларды өңдеуге немесе қайта пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған. Эковолонтер Гүләйым Қибастың айтуынша, әр акция сайын бастамаға қосылатын тұрғындар саны артып келеді.


«Алғашқы акцияда шамамен 350 келі қалдық жинадық. Екінші акцияда бұл көрсеткіш 666 келіге жетті, ал үшінші акцияда 583 келі қалдық жиналды. Яғни, үш акцияның қорытындысы бойынша шамамен 1,5 тонна қалдық жинадық. Оның барлығы қайта өңдеуге жіберілді», – деді ұйымдастырушы.


Үшінші акция барысында тұрғындар тапсыра алатын қалдықтардың түрі артты. Атап айтқанда, тұрғындар пластик, алюминий, макулатура, тұрмыстық химияға арналған пластик ыдыстар, темір және пайдаланылған өсімдік майын тапсырды. 


Сондай-ақ алаңда реюз(қайта қолдану) аймағы жұмыс істеді. Оның негізгі мақсаты – бір адамға қажет болмай қалған, бірақ басқа адамға пайдасы тиетін заттарға екінші өмір сыйлау. 


Қатысушылар моншақ, таба, түрлі-түсті қағаз, қайшы, шығармашылыққа арналған материалдар және қайта пайдалануға болатын түрлі заттарды әкелді. Олардың бір бөлігі жануарларды қорғаумен айналысатын волонтерлерге, шығармашылық материалдар мектеп оқушыларына, ал қолөнер бұйымдары жергілікті шеберлерге беріледі.


«Мұның барлығы Маңғыстаудағы қоқыс көлемін азайту үшін жасалып жатыр. Кейбір қалдықтарды қайта өңдеуге жіберсек, енді бір бөлігін қайта пайдалануға береміз», – деп түсіндірді ұйымдастырушы.


Жиналған қайталама шикізатты Eco Waste Aqtau компаниясы қабылдайды. Қалдықтарды өткізуден түскен қаражатты ұйымдастырушылар «Шанс» қорына бағыттауды жоспарлап отыр.


Гүләйым Қибастың айтуынша, алғашқы экологиялық акцияларға негізінен оның оқырмандары мен волонтерлер қатысты. Алайда біртіндеп бастама тұрақты қатысушылар шеңберінен шыға бастаған. Іс-шара қоғамдық орында өткізілетіндіктен, акция туралы сол жерде білген тұрғындар да қалдықтарын жинауға қосылады.


Экологиялық акцияларға балалар да қатысады. Кейбір отбасылар мұндай шараларға тұрақты келеді. Қатысушылар арасында әртүрлі жастағы тұрғындар бар.


Қазір Ақтауда мұндай акциялар шамамен айына бір рет ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар шаралардың жиілігін арттыруды жоспарлап отыр. Алайда әзірге мұндай кестені тұрақты жүзеге асыру қиын.


Сонымен қатар қабылданатын қалдық түрлерінің тізімін кеңейту де жоспарда бар. Атап айтқанда, қалада әйнекті тұрақты түрде тапсыру мүмкіндігі әзірге жоқ. Жергілікті қабылдау орындары әйнекті қабылдамайды, ал оны басқа өңірлерге тасымалдау қосымша шығынды қажет етеді.


Алдағы уақытта ұйымдастырушылар серіктестер мен демеушілер тауып, қалдықтардың, соның ішінде пайдаланылған батарейкалар сияқты қауіпті қалдықтарды да қабылдауды жоспарлап отыр.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!