Маңғыстауда энергетика саласының қызметкерлеріне Конституция туралы түсіндіру жұмысы өтті
Маңғыстау облысында энергетика саласының қызметкерлеріне ҚР жаңа Конституциясын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Түсіндірме жұмысына шамамен 50-ге жуық қызметкер қатысты, деп хабарлайды otpannаws.kz.
Іс-шараға Республика партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Нұржігіт Нұрболатұлы және «Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Рашид Төлеуғалиев қатысты.
Кездесуде қазіргі таңда Конституция негізінде партиялық тізім арқылы сайлау нормасын енгізу мәселесі талқыланды. Бұрын жекелеген азаматтар жеке кандидат ретінде сайлауға түсіп, депутаттық мандат ала алатын болса, енді тек партиялық тізім арқылы өту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде партиялық тізім арқылы сайлау нормасын енгізу мәселесі қарастырылуда. Басшылық тарапынан да бұл ұсыныс қолдау тауып отыр. Бұрын жекелеген азаматтар жеке кандидат ретінде сайлауға түсіп, депутаттық мандат ала алатын болса, енді партиялық тізіммен ғана өте алады. Тәжірибе көрсеткендей, бір адамның жеке бастамасымен ауқымды мәселелерді шешу қиын. Ұжымдық жұмыс, ортақ бағдарлама мен бірлескен жауапкершілік анағұрлым тиімді нәтиже береді. Мәселен, біздің партияның өзінде 6 депутат бар, алайда бұл да барлық бастаманы толық жүзеге асыруға жеткілікті емес екені байқалады. Сондықтан көпшілікпен ұжымдасып, ортақ мүдде жолында жұмыс істеу тиімді деп санаймыз. Сол үшін де партиялық тізіммен сайланған дұрыс деп ойлаймыз», - деді Нұржігіт Нұрболатұлы.