Жаңа Конституция еңбек адамын қорғауға кепілдік береді
«Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық кәсіпорыны Ақтау қаласының инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорын жылу, су шаруашылығы және кәріз жүйелерінің қалыпты жұмыс жасауын қадағалайды. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Маңғыстау өңірлік коалициясының мүшелері қала тіршілігінің қайнар көзіндей осы кәсіпорынға барды. Олар ұжымға жаңа Конституцияның Преамбуласы мен адам өмірін сақтауға, еңбегін құрметтеуге кепілдік беретін баптарын түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кәсіпорын тұрғын-үй, коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік бағыттардағы нысандарды жылумен, сумен қамту, инженерлік желілеріне техникалық қызметтер көрсету жұмыстарын ұйымдастырады, апат болған жағдайда жедел әрекет етеді.
Жаңа Конституцияда еңбек адамның қауіпсіздігін сақтауға арналған баптар қарастырылған. Сондықтан еліміздің негізгі құжаты кәсіпорын ұжымы үшін маңызды. Ұжым коалиция мүшелерінің қоғамдық-саяси өзгерістер туралы ақпаратын тыңдап, сұрақтар қойды. Сонымен қатар еліміз үшін аса маңызды тарихи шешімді қолдап, Конституциялық рефрендумға қатысатындығын жеткізді.