Otpan News Logo

Маңғыстаулық балуандар Нұрдәулет Жарылғапов пен Жантілек Нұртілепұлы «Қазақстан Барысына» жолдама алды

Маңғыстаулық балуандар Нұрдәулет Жарылғапов пен Жантілек Нұртілепұлы «Қазақстан Барысына» жолдама алды

Ақтауда қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Маңғыстау облысы бойынша іріктеу жарысы өтті. Тартысты белдесулердің қорытындысында Нұрдәулет Жарылғапов жеңімпаз атанса, Жантілек Нұртілепұлы екінші орын алып, қос балуан 15 тамызда Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама жеңіп алды. Ал үшінші орын Ғалымжан Шолтаевқа бұйырды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Додаға облыстың әр ауданынан үш спортшыдан қатысып, өткен жылғы жеңімпаз Жарылғапов Нұрдәулет іріктеусіз өңірлік турнирге жолдама алды. Жалпы 22 балуан бақ сынады. 


Финалдық белдесуде тәжірибелі балуан Нұрдәулет Жарылғапов (лақап аты – Қара бура) пен жас спортшы Жантілек Нұртілепұлы кездесіп, тартысты белдесу жанкүйерлердің қызығушылығын тудырды. Белдесу соңында төрешілер шешіміне қатысты пікірталас туындады.



Өңірдің қазақ күресінен аға жаттықтырушысы Мейрамбек Жаңабай бұл жағдайдың қолданыстағы ережеге сәйкес шешілгенін түсіндірді.


Соңғы ережеге сәйкес, әдіс жасау кезінде балуанның екі жауырыны толық жерге тисе, жеңіс қарсыласына беріледі. Осы ережеге сәйкес жеңіс Нұрдәулет Жарылғаповқа берілді, – деді ол.


Аға жаттықтырушы өңірде болашағынан үміт күттіретін жас балуандардың қатары көбейіп келе жатқанын атап өтті.


Қазір облысымыздың қазақ күресінде жас спортшылар өте жақсы өсіп келеді. Алдағы уақытта олардың арасынан Қазақстанның ғана емес, Азия мен әлем чемпиондары шығатынына сенеміз, – деді жаттықтырушы.



Сондай-ақ ол бірнеше мәрте «Қазақстан Барысының» жүлдегері атанған Нұрдәулет Жарылғаповтан биыл алтын белбеу күтетіндерін жеткізді.


Нұрдәулет осыған дейін «Қазақстан Барысында» екінші де, үшінші де орын алды. Енді мақсатымыз – алтын белбеуді жеңіп алу. Сонымен қатар Жантілек Нұртлепұлы дзюдодан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр, халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері. Екі балуаннан да үмітіміз зор, – деді ол.



Өз кезегінде алғаш рет «Қазақстан Барысына» қатысатын жас балуан Жантілек Нұртлепұлы жолдама ұтып алғанына қуанышты екенін айтты.


Финалға дейін жақсы күрестім. Финалда Нұрдәулет ағаммен белдесіп, есе жібердім. Бірақ «Қазақстан Барысына» жолдама алып тұрмын. Толқу жоқ. Қуаныш бар. «Қазақстан Барысына» қатысу – бала күнгі арманым еді. Енді сол жерде жүлделі орын алу үшін барымды саламын, – деді жас балуан.
10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!