Ақтауда «Әнші балапан» қоғамдық қорына қолдау көрсеткен азаматтар марапатталды
Ақтауда «Әнші балапан» республикалық жас таланттарды қолдау қорының құрылғанына 35 жыл және қордың Маңғыстау облыстық филиалының 25 жылдық мерейтойы аясында бірқатар азамат марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шарада қордың осы жылдар аралығында атқарған қоғамдық жұмыстары мен қайырымдылық жобаларының қорытындысы таныстырылды. Сондай-ақ, ұйымның қызметіне қолдау көрсеткен демеушілер, еріктілер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім, мәдениет саласының мамандары, қоғамдық ұйымдар, банк секторының өкілдері мен қоғам белсенділері марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл марапаттар ұзақ жылдар бойы жүзеге асқан қайырымдылық жобалары мен қоғамдық бастамаларға қолдау көрсеткен азаматтарға деген ризашылықтың белгісі болды.
«Әнші балапан» қоғамдық қорының директоры Арзу Изембаеваның айтуынша, қордың басты мақсаты - балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасап, оларды өнер мен қоғамдық белсенділікке баулу.
“Осы уақытқа дейін біздің қор мыңдаған баланың өнерге деген қызығушылығын қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік жасады. Бұл жетістіктерге бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен серіктестеріміздің, еріктілердің және мемлекеттік мекемелердің ортақ еңбегі арқасында жеттік. Алдағы уақытта да балалардың жарқын болашағы үшін игі жобаларды жалғастыра береміз”, - деді Арзу Изембаева.
Айта кетейік, «Әнші балапан» қоры Маңғыстау өңірінде көптеген әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып, жас таланттарды қолдау, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу және еріктілік қозғалысын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.