Otpan News Logo

Маңғыстауда Қызыл кітапқа енген сирек құстар табиғи ортаға қайта жіберіледі

Маңғыстауда Қызыл кітапқа енген сирек құстар табиғи ортаға қайта жіберіледі

Арнайы оңалту орталығында ем алып, күтім көрген төрт жабайы құс жуырда табиғи мекеніне қайта жіберіледі. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енген қарабай және үш күйкентай бар, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Құстар жыртқыш және сирек кездесетін жабайы құстарды уақытша оңалту орталығында болып, мамандардың бақылауында емделіп, қажетті күтім алған.


«Біздің ұжым үшін бұл – үлкен қуаныш. Әрбір сәтті оңалту жұмысының артында мамандардың күнделікті еңбегі, құстарға деген қамқорлығы мен үздіксіз бақылауы жатыр», – деді терапевт-дәрігер әрі орнитолог Алина Шарипова.


Табиғатқа жіберілер алдында құстарға міндетті түрде сақина тағу рәсімі жүргізілді. Орнитолог мамандар арнайы сақиналар орнатып, сол арқылы алдағы уақытта құстардың қоныс аудару бағытын, жай-күйін бақылап, популяциясындағы өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік алады.


«Сақиналардың көмегімен ғалымдар құстардың кейінгі тағдыры, қоныс аударуы және популяциясының жай-күйі туралы мәлімет жинай алады. Бұл деректер ғылыми ақпарат қорын толықтырып, алдағы зерттеулерге негіз болады», – деді Алина Шарипова.


Сирек құстарды сақтау және оңалту жобасын UMIT MANGISTAU қоғамдық қоры Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның гранттық қолдауымен жүзеге асырып жатыр.


Қор сондай-ақ құстарды сақиналау жұмыстарына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты РМК мамандарына алғыс білдірді.


Жақын күндері оңалтудан өткен құстар қайтадан көкке қанат қағады. Мамандардың айтуынша, табиғатқа қайта оралған әрбір құс – өңірдің биоалуантүрлілігін сақтауға қосылған маңызды үлес.

43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!