Маңғыстауда облыстық тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалды
Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев мәслихаттың кезекті жиырма бесінші сессиясының шешіміне сәйкес Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасы лауазымына Айболат Тұрғанбаевты тағайындады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Айболат Смағзамұлы 2014 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қаржы» мамандығын, ал 2016 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің «Экономика саласын құқықтық реттеу» мамандығын тәмамдады.
Еңбек жолын «Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінде бастап мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында түрлі жауапты қызметті атқарды.
2016–2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бөлімінде бас маман – бас мемлекеттік аудиторы болды.
2020–2021 жылдары талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
2021–2023 жылдары сапаны бақылау бөлімін басқарды.
2023–2024 жылдары Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы аппаратының басшысы лауазымын атқарды.
2024 жылдан бастап Маңғыстау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №7/74 шешіміне сәйкес Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына бес жыл мерзімге тағайындалды.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін қоса атқарып келді.
Ол Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының алғыс хатымен, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының үздігі» және «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің және Маңғыстау облыстық мәслихатының құрмет грамоталарымен марапатталған.