Маңғыстауда ақсақалдар Референдумға қатысады
Маңғыстау облысында өңір ақсақалдары бас қосып, еліміздегі саяси жаңғыру мен алдағы референдумды талқылады. Жиынның басты мақсаты - жаңа Конституцияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіру және азаматтық белсенділік таныту деп хабарлайды, otpannews.kz сайты.
Кездесу барысында қатысушылар қоғамдық келісімді нығайту және ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын өзгерістер туралы айтты. Ақсақалдардың айтуынша, бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, әрбір азаматтың саяси өзгерістерге белсене араласуына мүмкіндік береді.
Жиын барысында Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов сөз сөйлеп, бұл тарихи сәттің маңыздылығына тоқталды.
"Бүгін ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Жиналғандағы мақсатымыз - алдағы өткелі отырған референдумды қолдау. Облыс ақсақалдары бас қосып, Конституцияның барлық баптарымен танысып, өз ұсыныстарын білдірді. Қазір бұрынғы заман емес, жаңа заман, жаңа адам, жасанды интеллект дәуірі. Еліміздің қарқынды дамуы үшін Конституцияға енген өзгерістер елеулі қызмет атқарады деп білемін. Мен отандастарымызды 15 наурыз күні өтетін референдумға шақырамын",-деді Оңайбек Әбділов.
Кеңес мүшелері өңір тұрғындарын, әсіресе жастарды, алдағы саяси науқанға бейжай қарамай, белсенді қатысуға шақырды.