Банк карталарының бұғатталуы: Ұлттық банк ескерту жасады
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың төлем карталарын рұқсатсыз бұғаттаумен айналысатын телефон алаяқтарының жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды otpannews.kz Zakon.kz сілтеме жасап.
Монетарлық реттеуші банк карталарына қатысты алаяқтықтың жаңа схемасы туралы мәлімдемені бүгін таратты.
Алаяқтардың жаңа айласы қандай?
"Интернет алаяқтар ашық дереккөздерден (фишингтік сайттар, әлеуметтік желілер, маркетплейстер, қоғамдық орындардағы сауалнамалар) алынған жеке мәліметтерді пайдалана отырып, қаржы ұйымдарының байланыс орталықтарына клиенттің атынан хабарласады. Олар: «картамды жоғалтып алдым»,- деген жалған ақпарат беріп, картаны дереу бұғаттауға қол жеткізеді. Бұдан кейін алаяқтар азаматтарға өздерін банктің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып хабарласады. Олар картаны «бұғаттан шығару» немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару деген желеумен шоттарға қол жеткізу үшін қажетті мәліметтерді: SMS-кодтарды, интернет-банкинг парольдерін немесе CVV/CVC-кодтарды сұратады»,- деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банк баспасөз қызметі.
Төлем картасы бұғатталған жағдайда, қазақстандықтарға картаның артқы жағында немесе мобильді қосымшада көрсетілген банктің ресми колл-орталығына хабарласу ұсынылады.
Есіңізде болсын: Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS-кодтарды сұрамайды және мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатуды талап етпейді.
Сонымен қатар, алаяқтар банкоматтардың жанында тұрып, «картам бұғатталды» немесе «лимиттен асып кетті» деген сылтаумен үшінші тұлғаларға ақша аударып беруді сұрауы мүмкін. Бұл үшін олар сыйақы ұсынады.
«Мұндай аударымдарды жасау дропперлік деп есептелуі мүмкін және бұл заңсыз әрекет. Ұлттық банк азаматтарға банк карталарын бейтаныс адамға бермеуге, деректемелерді айтпауға және танымайтын адамға ақша аудармауға кеңес береді. Еске саламыз, Ұлттық Банк қызметкерлері аудио немесе видео қоңыраулар шалмайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді және түрлі инвестициялық фондтарға қаражат аударуды сұрамайды »,- делінген хабарламада.
Ұлттық Банк алаяқтық әрекеттерге тап болған азаматтарға ҚР құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуді ұсынады. Кеңес алу үшін Қазақстан Ұлттық банкінің 1477 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласу қажет.