Otpan News Logo

Ақтаудағы №24 мектеп толық цифрлық форматқа көшті

Ақтаудағы №24 мектеп толық цифрлық форматқа көшті

Ақтаудағы №24 жалпы білім беретін мектеп заманауи қауіпсіздік жүйелері мен цифрлық білім беру технологияларын енгізу арқылы жаңа форматта жұмыс істей бастады. Білім ордасында электронды бақылау, автоматтандырылған тамақтану есебі және робототехника сыныбы іске қосылған, деп хабарлайды otpannews.kz.


Мектеп кабинеттері интерактивті тақталармен, компьютерлермен және мультимедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Заманауи құрылғылар оқу үдерісінде күнделікті қолданылып, білім сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.


Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Білім ордасына кіреберісте турникеттер орнатылып, оқушылар мен педагогтер жеке фотосуреті бар рұқсатнамалар арқылы өтеді. Электронды жүйе әр адамның кіріп-шығу уақытын автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар, ата-аналарға баласының мектепке келгені туралы SMS-хабарлама жолданады.



Мектеп асханасында да цифрлық бақылау жүйесі енгізілген. Арнайы құрылғы арқылы оқушылардың тамақтануы тіркеледі. Әсіресе, бастауыш сыныптағы 703 оқушының ыстық тамағы автоматтандырылған жүйе арқылы есепке алынады. Ата-аналар электронды жүйе арқылы ас мәзірін және баласының тамақтану деректерін көре алады.


Техникалық бағыттағы білім беруге де басымдық берілген. Мектепте робототехника бойынша тегін сынып жұмыс істейді. Сабақты информатика пәнінің мұғалімі, Yessenov University түлегі Айдана Ерназарова жүргізеді. Оқушылар бағдарламалау мен инженерлік модельдеу негіздерін меңгеріп, IT саласына қызығушылықтарын арттыруда.


Оқу процесі электронды журналдар мен цифрлық білім беру платформалары арқылы жүргізіледі. Ата-аналар онлайн режимде баласының үлгерімін бақылап, үй тапсырмаларын көре алады. Мұғалімдер үшін бұл жүйе оқу сапасын саралап, жұмысты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар, мектеп дәстүрлі білім беруді де назардан тыс қалдырмаған. Кітапхана мен оқу залы тұрақты жұмыс істейді. Кітап қорының бір бөлігі цифрландырылып, басылымдардың жанына QR-кодтар орналастырылған. Бұл оқушыларға қажетті әдебиетті қағаз және электронды форматта пайдалануға мүмкіндік береді.

257
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!