Otpan News Logo

Жетібай ауылында тәулігіне 6,5 мың текше метр су өндіретін су тұщыту станциясы іске қосылды

Жетібай ауылында тәулігіне 6,5 мың текше метр су өндіретін су тұщыту станциясы іске қосылды

Қарақия ауданының Жетібай ауылында Еділ суын тазарту өндірістік станциясының күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жоба Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.


Күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 20 мыңнан астам тұрғыны мен 15 өндірістік кәсіпорын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілді. Станцияның тәуліктік қуаты 6,5 мың текше метрді құрайды.


Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, су тазарту және зарарсыздандырудың көпсатылы жүйесі енгізіліп, дискіні сүзу блогы, жұқа қабатты тұндырғыштар, натрий гипохлориті мен коагулянттарды мөлшерлеу жүйелері, мультимедиялық сүзгілер орнатылды. Сонымен қатар ұзындығы 2 шақырым су құбыры тартылып, сағатына 260-300 текше метр су айдайтын жаңа модульдік сорғы станциялары іске қосылды. Зауыт тәулігіне 6,5 мың текше метр су тұщытады. 


Жобаның негізгі мақсаты – Жетібай және Мұнайшы ауылдарының тұрғындарын, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.


Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай нысанның халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.


Бұған дейін жаз мезгілінде ауыл тұрғындарына су кесте бойынша берілетін. Бүгін іске қосылған зауыттың маңызы зор, себебі оның арқасында тәуліктік су өндіру көлемі айтарлықтай артты. Нәтижесінде өңірдегі су беру кестелері толықтай алынып тасталды. Бұл – Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нақты орындалуы. Осы маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Шара барысында қатысушылар жаңғыртылған станцияның жұмысымен танысып, іске қосу рәсіміне куә болды. Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар суды халықаралық талаптарға сай тазартуға және тұрғындарға қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Будьте в курсе последних новостей!