Otpan News Logo

Қуаныш Қабдолов: Бұл кезең – мансабымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды

Қуаныш Қабдолов: Бұл кезең – мансабымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды

«Каспий» футбол клубы Қазақстанның I лига маусымын үшінші орынмен аяқтады. Otpannews.kz осы орайда клубтың бас бапкері Қуаныш Қабдоловпен жасалған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.  



Қуаныш мырза, еліміздің I лига маусымының аяқталуымен әрі футбол клубының 3 орынға жайғасуымен құттықтаймыз. Бірінші лигада үшінші орын алудың өзі үлкен жетістік қой. Өткен маусым жайлы не айтар едіңіз?  


- Көп рақмет! Маусым қызықты, әсерлі сәттерге толы болды. Әр кезеңнен ақырын өте білдік, жеңістеріміз де, жеңілістеріміз де, жігер-қайратты қайрауға тура келген сәттер де болды. Ақыр соңында үшінші орынға табан тіредік.


– Ақтауда жұмыс істеу өзіңізге ұнады ма? Қала қандай әсер қалдырды?


– Ақтау — жұмыс істеуге өте ыңғайлы қала. Бұл қала өзінің ерекше көркімен, таңғажайып табиғатымен және ашық-жарқын шынайы адамдарымен ерекшеленетіндей. Өзім де еліміздің батыс өңірінде туып, өстім. Мұнда келгенде, жұмысқа тез бейімделіп, өзіме қажетті жылылық пен қонақжайлылықты бірден сезіндім. Жанкүйерлерге қолдауы үшін ерекше алғысымды білдіремін. 


– «Каспий» ұжымы туралы қандай ойдасыз?


– Бүгінгі «Каспий» ұжымы – өте шабыт беретін команда. Бұл – күн сайын бар күшін салып жұмыс істейтін, бір-бірін тек алаңда ғана емес, шын өмірде де қолдайтын ұжым. Ойыншылар, жаттықтырушылар штабы, клуб қызметкерлері – барлығы команданың жетістігіне өз үлесін қосты. Бізде достық атмосфера орнады, сонымен қатар сауатты менеджмент бар. Осылайша, біз барлық қиындықтарды жеңіп шықтық. Қазір барлығы Қазақстан Премьер-лигасының деңгейіне толық сәйкес келеді.


– «Каспийде» жұмыс істеген уақытыңызды қалай бағалайсыз?


– Жоғарыда айтып өткендей, клубты бірінші айналымнан кейін, маусым ортасында қабылдап алдым. Бұл дайын команда еді. Бұл кезең – мансабымдағы ең құнды, маңызды кезеңдердің бірі болды деп айта аламын. Осы уақытта тек жаттықтырушы ретінде ғана емес, өмірлік тәжірибе де жинадым. Бұл клубта мен табиғаты әрқилы адамдармен жұмыс істеуге, өзгерістерге бейімделуге және күрделі ситуациялардан шығып, жедел әрекет етуді үйрендім. Бұл тәжірибе мені жаттықтырушы ретінде шыңдады. Команданың дамуымен бірге өсуіме мүмкіндік бергені үшін клуб басшылығына, ойыншыларға және жанкүйерлерге ризамын. Клуб басшылығына осындай әсем Ақтау қаласында жұмыс істеу мүмкіндігін бергені және көрсеткен сенімі үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Командамыздың әрбір мүшесіне ризамын – олардың қолдауы мен адалдығы біздің жетістігіміздің негізі. Және, әрине, бүкіл маусым бойы бізге күш берген жанкүйерлерімізге де үлкен алғыс айтамын. Олар – біздің шабыт көзіміз. Келесі маусымда «Каспий» одан да үлкен биіктерге жетеді деп үміттенемін!


- Уақытыңызды бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін рақмет.

585
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!