Ақтауда әскери-тактикалық бағыттағы клуб жұмыс істеп тұр
Клубта балалар мен ересектер «Орбизбол» атты қауіпсіз әскери-спорттық ойынды ойнайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл формат бастауыш сынып оқушыларынан бастап ересектерге дейін қызықты әрі қолжетімді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Клуб жетекшісі бұл істің бастауына өз тәжірибесі себеп болғанын айтады.
«Сол кезде балам 6 жаста еді. Оны көріп отырып, бұл балалар үшін ауыр әрі ауырсыну тудыратын спорт екенін түсіндім. Үш жыл бұрын ұлым маған орбизбен ататын автомат көрсеткен еді. Басында оны мағынасыз нәрсе деп ойладым. Бірақ орбизболды зерттей келе, оның өте қызықты тактикалық спорт екенін түсіндім. Сөйтіп, екі жыл бұрын Ақтауда “ORBEEZ GAME TACTICS” клубын аштық», – дейді клуб жетекшісі.
Орбизбол – қауіпсіз форматтағы командалық ойын. Мұнда балалар да, ересектер де бір алаңда бақ сынай алады. Қатысушылар арасында қыздар да бар. Ең кішкентай ойыншы – 6 жаста, ал ең үлкен қатысушы – 38 жаста. Клубта тұрақты үйірме жұмыс істейді, ал мектеп демалысы кезінде балалар үшін арнайы оқу-жаттығу бағдарламалары ұйымдастырылады.
Бұл бағдарлама аясында қатысушылар тактикалық дағдыларды меңгеріп, командамен жұмыс істеуді үйренеді. Сондай-ақ жарыстарға қатысып, табиғатта жаттығулар өткізеді, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерімен танысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай орта балалардың тәртібін, жауапкершілігін және өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
«Бұл жай ғана ойын емес — бала тез шешім қабылдауды үйренетін, өзіне сенімді болып, команда табатын орта. Біздің басты мақсатымыз – өңірде орбизбол бағытын дамыту, сонымен қатар патриотизм, тәртіп, ептілік және мықты командалық рух қалыптастыру. Ең бастысы, бұл – ойын әрі спорт, әркім өзіне керегін алады», – дейді клуб жетекшісі.