
Құрылысшы күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды otpannews.kz.
2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілді.
Жиында марапатталғандардың қатарында Маңғыстау облысының мамандары да бар. Атап айтқанда, «Мемсараптама» РМК сарапшысы Серікпай Рустанбеков «Құрмет» орденімен, ал «СAPITAL GROUP ST» ЖШС инженері Бауыржан Махан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Инженер Бауыржан Махан сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына құрылысшылар еңбегін жоғары бағалап, жұмысшы мамандықтарын дамытуға назар аударғаны үшін алғыс айтты.
«Бүгінде құрылыс саласын дамыту – Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтардың бірі. Президенттің қолдауының арқасында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды дамып келеді. Көрсеткіштердің артында статистика ғана емес, әрбір кірпішке салынған орасан зор еңбек тұр», – деді ол.
