Маңғыстауда жолшылар республикалық жол бойында сенбілік өткізді
Ислам Абдирахманов
|
16:51, 19 мамыр 2025

«Таза Қазақстан»экологиялық акциясы аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» серіктестігінің Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері бірлесіп, республикалық маңыздағы «Жетыбай-Жаңаөзен-Түрікменстан шекарасы» бағытындағы жолдың санитарлық-гигиеналық тораптарын қоқыстан тазалады, - деп хабарлайды otpannews.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Бұл бағытта көлік қозғалысы қарқынды. Жол жиегінде қоқыс контейнерлері тұрғанымен, өкінішке қарай кейбір жолаушылар мен көлік жүргізушілері санитарлық-гигиеналық торап айналасын бей-берекет ластап кетеді. Соған орай тораптардың ішкі және сыртқы аумағында қоқыстарды жинау, оның айналасындағы демалыс алаңдарында тасталған тұрмыстық қатты қалдықтар жиналды. Жол жиегіндегі шөптерді шабу жұмыстары атқарылды. Табиғаттың таза болуы – ортақ міндеті. Сондықтан, баршаңызды қоршаған ортаның күтіміне атсалысуға шақырамыз, - дейді жол саласының мамандары.
Айта кетсек, жолшылар күнделікті атқаратын негізгі қызметінен бөлек трасса жиегінде арықтардың тазалығына, санитарлық-гигиеналық тораптарда қоқыстың болмауына жіті назар аударады. Бұл бағытта сенбілік шаралары тұрақты түрде жүргізілуі осыған дәлел.

Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ