
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылдың маусым айынан бастап елімізде «Стоп-кредит» сервисі қолданыста екенін еске салады. Бұл қызмет азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) қарыз ресімдеуге өз еркімен тыйым салуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сервис азаматтардың келісімінсіз несие рәсімделуінің алдын алуға бағытталған және қарыз қаражатына қолжетімділікті шектеуге көмектеседі.
Азамат өз еркімен кредит алудан бас тарту туралы өтініш бергеннен кейін бұл мәлімет автоматты түрде кредиттік бюроларға жіберіледі. Қаржы ұйымдары кредиттік есепті сұратқан кезде шектеуді көріп, несие рәсімдей алмайды.
Сервисті қалай қосуға болады?
1. eGov порталына немесе мобильді қосымшаға кіріңіз;
2. «Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдаңыз;
3. Өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз;
4. Нәтижесі туралы хабарламаны күтіңіз.
Бұл шектеу мерзімсіз әрекет етеді және азаматтың жеке өтініші бойынша ғана алынып тасталады. Шектеуді алып тастау да eGov арқылы жүзеге асады – жаңа электронды өтініш беру жеткілікті.
Маңызды: Бұл тетік ломбардтар мен кредиттік бюро деректерін пайдаланбайтын ұйымдарға қолданылмайды.
Агенттік азаматтарды несие рәсімдеуде жауапкершілік танытуға, жеке деректерді қорғауға және қолжетімді қаржылық қауіпсіздік құралдарын пайдалануға шақырады.
