
Жаңаөзендегі Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында жобалық қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауытына барғанын мәлімдеді.
Кәсіпорында 30 мамыр күні құрылыс жұмыстары аяқталды. Суды тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтары, сорғы станциясы, екі қосалқы станция, жөндеу-механикалық цех, гараж, қоймалар, зертхана, өрт сөндіру бекеті, қазандық салынды. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым — ұзындығы 80,1 км электр беру желісі, жалпы ұзындығы 201,4 км екі тармақты магистралды су құбыры, 48,1 км газ құбыры, 40,1 км автожол салынып бітті. Жобаның теңіз бөлігі бойынша теңіз түбіндегі траншеяға полиэтилен құбырлары төселді. Кәсіпорында әлемнің жетекші өндіруші компаниялардың озық технологиялары қолданылып жатыр.
Қазіргі кезде зауытта іске қосу-баптау іс-шаралары жалғасуда. 9 шілдеде технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі іске қосылды, оның барысында теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желі тексеріледі және жуылады. Бұл процесс 72 сағатқа созылады.
Сынақ іс-шаралары сәтті аяқталған кезде зауыт жұмыс режиміне көшеді.
Теңіз суын тазарту мен тұщыту — бұл күрделі процесс. «Тіршілік нәрі» зауыттан 730 метр қашықтықта теңіз үстінде орналасқан арнайы су жинайтын құрылғы арқылы тереңдігі 12 метрлік құдыққа келіп түседі. Одан кейін теңіз суы қондырғылардың көмегімен құбыр арқылы кәсіпорынға жетеді.
Тұщыту цехында суды лайдан тазартуға және басқа заттарды жоюға бағытталған бірқатар процедура жасалады. Келесі қадам – су автоматтандырылған өздігінен тазартатын сүзгілерге жіберіледі. Осыдан кейін су ультра сүзгілеу процесінен өтеді. Бұл тәсіл су құрамындағы органикалық заттарды 70-75% дейін төмендетуге және барлық қоспаларды, соның ішінде бактерияларды, бір жасушалы балдырларды және басқа да элементтерді толық жоюға (100%) ықпал етеді.
Кері осмос технологиясы судың құрамын минералды қоспалардан тазартып, 99,5% тұщытуға мүмкіндік береді. Реминерализация процесі тұщы суды жоғары сапаға жеткізу үшін қажет. Хлорланғаннан кейін ол ауыз су резервуарларына жіберіледі.
