Жарнама бөлімі
+7 778 145 90 93
Редакция
+7 (7292) 20 48 34
logo
Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту жұмыстары басталды
Ақмарал Берекет
|
14:02, 9 шілде 2025

Кәсіпорында құрылыс жұмыстары 30 мамыр күні аяқталды. Суды тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтары, сорғы станциясы, екі қосалқы станция, жөндеу-механикалық цех, гараж, қоймалар, зертхана, өрт сөндіру бекеті мен қазандық салынды, деп хабарлайды otpannews.kz.


«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің мәліметінше, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді: ұзындығы 80,1 шақырым электр жеткізу желісі, жалпы ұзындығы 201,4 шақырым болатын екі тармақты магистралды су құбыры, 48,1 шақырымдық газ құбыры және 40,1 шақырымдық автожол салынды.


Жобаның теңіз бөлігі бойынша теңіз түбіне траншея қазылып, оған полиэтилен құбырлары төселді. Зауытта іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


9 шілде күні теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желіні тексеру және шаю жұмыстары жүргізілетін технологиялық жабдықтардың толық циклі іске қосылды. Бұл процесс 72 сағатқа созылады. Сынақ сәтті аяқталса, зауыт тұрақты жұмыс режиміне көшеді.



Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласына су жеткізуді «Магистральный водовод» ЖШС және «Суды өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС жүзеге асырып отыр. Қалаға қолданыстағы көздерден жеткізілетін су көлемінің жоспарлы көрсеткіштерін және халықтың суды тұтынуындағы маусымдық ерекшеліктерді ескере отырып, «Кендірлі» тұщыту зауытының бірінші кезеңдегі су өндіруі «толықтырушы режимде» жүзеге асырылатын болады, яғни зауыт жетіспейтін су көлемін жеткізеді.


Барлық қажетті талдау мен зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін тұщытылған теңіз суы ұзындығы 100,7 шақырымдық құбыр арқылы Жаңаөзен қаласына су жеткізетін «ӨзенИнвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жіберіледі.


«Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін Жаңаөзен тұрғындары және жақын маңдағы елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұл нысан «Астрахань – Маңғышлақ» магистралды су құбырына түсетін жүктемені азайтып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуына ықпал етеді. ҚМГ-нің ең ірі әлеуметтік жобасы 91 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде мұнда 650 адамға дейін жұмыс істеді», – деп атап өтті ұлттық компанияда.


Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр. Барлық пайдалану шаралары жүргізілгеннен кейін, нысан Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріледі.

Кендірлізауыты
21
Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!