Жарнама бөлімі
+7 778 145 90 93
Редакция
+7 (7292) 20 48 34
logo
Қарбыз бен қауынның құрамындағы нитратты қалай тексереді?
Махаббат Нұржанқызы
|
10:34, 9 шілде 2025

Otpannews.kz тілшісі Ақтау қаласында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен бірге қарбыз бен қауынды зертханалық тексеруге дайындаудың барлық кезеңіне қатысты.


Өнім қалай және қайдан сатып алынады?

Зерттеу үшін қарбыз бен қауын қаладағы супермаркет пен гипермаркеттен сатып алынды. Міндетті шарт – қолма-қол төлем жасап, фискалды чек алу. Себебі базар не көше бойындағы сатушылар мұндай чек бермейді.


Бізге бақша дақылдарын, яғни қарбыз бен қауынды зерттеуден өткізу туралы тапсырма келді. Бірақ өнімді тек фискалды чек беретін жерден ғана сатып ала аламыз. QR-кодпен не аударым арқылы төлеген жағдайда, өнімнің нақты қайдан алынғанын кейін дәлелдей алмаймыз. Бүгін бар сатушы ертең жоқ болуы мүмкін, — дейді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Алмажан Орынбасарова.


Барлығы 8 қарбыз бен 4 қауын сатып алынды. Бағасы әртүрлі, бір жерде қарбыз 259 теңге, қауын 525 теңге болса, екінші дүкенде қарбыз 280 теңге, қауын 889 теңге. Жалпы алғанда 19 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Әр өнім жеке қапталып, нөмірленді. Кейін олар сараптама орталығына жеткізілді. Зерттеу тамақ қауіпсіздігі зертханасында жүргізіледі.


Ең алдымен қарбыз бен қауынның сыртқы түрі тексеріліп, шіріген не бұзылған тұстары бар-жоғы анықталады. Кейін олар мұқият жуылып, бірнеше сағатқа тоңазытқышқа қойылады.


Зерттеу үшін өнімнен сынама аламыз. Ол үшін қарбыздың немесе қауынның әр жерінен бірнеше тілім кесеміз. Жұмсағын бөліп алып, қолмен немесе еттартқышпен езгілейміз. 10 грамм дайын өнімге 50 миллилитр арнайы ерітінді қосып, оны үш минут бойы үздіксіз араластырамыз, — дейді Маңғыстау облыстық ұлттық сараптама орталығының тағам гигиенасы зертханасының маманы Ақбөбек Айтқұлова.


Нитрат мөлшерін анықтайтын «Эксперт 001» құрылғысы арнайы сезімтал электродпен жабдықталған. Алдымен ол стандартты ерітіндімен бапталады, кейін өнім үлгісі тексеріледі.


Нитрат мүлде жоқ деген болмайды. Әрбір көкөніс пен жеміске рұқсат етілген шекті мөлшер бар. Қарбыз үшін – 60 мг/кг, қауын үшін – 90 мг/кг. Зертханадағы нәтиже – ең нақтысы. Дегенмен, кез келген адам үй жағдайында қолдануға арналған арнайы құрылғы сатып алып, тексере алады. Бірақ олардың нәтижесінде 20–30 пайыз қателік болуы мүмкін, — дейді санитарлық-химиялық зертхана меңгерушісі Нағия Дүйсенбаева.


Мамандардың айтуынша, кейде қарбыздағы нитрат мөлшері 100 мг/кг-дан асып кетсе, қауын 170 мг/кг-ға дейін жеткен жағдайлар болған. Ал бұл жолы супермаркеттен алынған үлгілерден анықталған көрсеткіштер қауіпсіз шекте болды. Зертхана нәтижесі бойынга қарбыз – 37–52 мг/кг, қауын – 90 мг/кг нитрат анықталды.


Өнімді өзіңіз де тексерте аласыз. Кез келген адам қалауы бойынша өнімін зертханаға апарып, құрамындағы зиянды заттарды тексере алады. Бұл — ақылы қызмет. Мысалы, нитратты анықтау 965 теңге тұрады. Ол үшін өнімді сараптама орталығына жеткізіп, өтініш толтырып, ақы төлеу қажет. Таңертең тапсырылған өнімнің нәтижесі сол күні кешке дайын болады. Бірақ мамандар бұл бір ғана үлгінің нәтижесі екенін ескертеді. Зертханада жалпы 200-ден астам көрсеткіш бойынша тексеріс жасауға мүмкіндік бар.


Әзірге жеке тұтынушылар бізге қарбыз не қауын әкеліп, сараптама жасатқан емес. Тіпті базарларда тегін тексеріп берейік деп өзіміз ұсынғанда да, көпшілік келіспейді. Ал көтерме сатушылар арасында ай сайын өнімін зерттеуге әкелетін кәсіпкерлер бар. Олар қауіпсіздік хаттамасын алу үшін 20–40 түрлі өнімді бірден тексертіп алады, — дейді Нағия Дүйсенбаева.


Қарбыз не қауынды сатып алғаннан кейін бірден жемеген жөн. Алдымен жақсылап жуып, тіліп, бірнеше сағат тоңазытқышта сақтау қажет. Бұл нитрат мөлшерін 20–30 пайызға дейін азайтуға көмектеседі.

қарбыз
қауын
нитрат
16
Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!