
Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Бұл күн қазақтың төл аспабы – қара домбыраны ұлықтап, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру мақсатында аталып өтеді. Осы орайда біз Маңғыстауда қолөнермен айналысып жүрген домбыра шебері Нұржан Мұсаевпен тілдесіп, оның бұл өнерге қалай келгені, жақсы домбыра қалай жасалатыны жайлы сұрап көрдік.
– Домбыра жасау ісіне қалай келдіңіз? Бұл өнер сізге кімнен дарыды?
– Домбыра жасауды алғаш рет 15 жасымда әкемнен көріп бастадым. Жалпы бала күнімнен қолөнерге бейім болдым. 2-3 сынып оқып жүргенде әкем қамшы өріп, ат әбзелдерін жасайтын. Мен сол жасаған дүниелеріне түнде қарап отырып, таңертең өзімше қайталап жасап шығатынмын.
Ал домбыраға келуім қызық жағдайда болды. Бірде әкемнің домбырасы сынып қалды. Сынған аспапты қарап отырып, соған ұқсатып тұтас ағаштан домбыра жасап көрдім. Ол – қалақ домбыра болатын, халық арасында «Абай домбырасы» деп те атайды. Сол алғашқы жасаған домбырамнан бастап бұл өнерге бет бұра бастадым.
Әкем жағынан да, нағашы атам жағынан да шеберлік қанмен берілген. Нағашы атам ер тұрман, күбі, бесік, қыз жасауын жасайтын өнерлі адам болған. Ал нақты осы жолға шындап түсуім 2000 жылға тура келеді.
Туып-өскен жерім – Жамбыл облысы. Сол жылы Маңғыстауда тұратын Сұлтан деген шебер ағам мені Ақтауға алып келді. «Қолыңнан іс келеді екен, қасымда бол» деді. Ол кезде мен домбыраны шабу, яғни біртұтас ағаштан ойып жасау тәсілін білетінмін. Ал бөлшектеп құрап жасауды білмедім. Сұлтан ағамнан осы тәсілді үйрендім. Бір жыл бойы жанында жүріп, білім алдым. Кейін батасын алып, өз бетіммен жұмыс істей бастадым. Содан бері осы кәсіппен айналысып келемін.
– Бір домбыраны жасауға шамамен қанша уақыт кетеді?
– Бір ғана домбыра жасайын деп кіріссең, оны 5-6 күн ішінде жасап шығуға болады. Бірақ домбыраның түр-түрі бар: тоғыз шанақ, жеті шанақ деп айтады, мойны бөлек жасалады. Олардың әрқайсысының желімдеу кезеңі болады, бөлшектері біртіндеп құрастырылады.
Кейде бірнеше домбыраны қатар дайындап, бір мезгілде жасап шығатын сәттер болады. Ондайда жұмыс процесі бір айға дейін созылады. Кейбір домбыралар 10 күнде, кейбірі 2 аптада бітеді. Жалпы алғанда, нақты біту уақыты жоқ – барлығы қолданылып жатқан материалға, кептіру уақытына және домбыраның күрделілігіне байланысты.
– Домбыра жасауда қандай ағаш түрлері қолданылады? Олардың айырмашылығы неде?
– Домбыра негізінен қатты ағаштардан жасалады. Мысалы, қайың, бук, палисандр, қызыл ағаш, махагони, сапеле секілді түрлері қолданылады. Қазір ағаштың түрі өте көп, таңдау мүмкіндігі кең.
Ертеде ата-бабаларымыз көбіне қайыңнан жасаған. Ал бүгінгі күні заманауи өңдеу құралдарының арқасында түрлі шетелдік ағаштарды қолдануға болады. Дегенмен бұл жерде ең бастысы – домбыраның қандай ағаштан жасалғаны емес, сол ағашпен домбыраны қалай жасап шыққаның маңызды. Бірақ бір анық нәрсе – домбыра қатты ағаштан жасалуы керек. Сол кезде ғана дыбысы анық әрі сапалы шығады.
– Жақсы домбыраны қалай тануға болады? Оны әуесқой адам да ажырата ала ма?
– Әр адамның табиғи есту қабілеті – слухы болады. Қай домбыраның үні жақсы, қайсысының нашар екенін адам өзі-ақ сезе алады. Мұны тек кәсіби домбырашы емес, әуесқой тыңдаушы да аңғарады.
Кейде домбыраның даусы қатты шықса да, сапасы төмен болуы мүмкін. Ал керісінше, кейде үні жай болса да, домбыра жүрекке жылы тиіп, баурап тұрады. Шанағы мен мойнының үйлесімділігі, жұмырлығы тартып отырған адамға бірден байқалады. Ондай аспап қолда еркін «жүріп», орындаушыға жеңіл тиеді. Бұл – нағыз сапалы домбыраның белгісі.
– Домбыраның үнін не нәрсе анықтайды? Шебердің шеберлігі ме, әлде материал ма?
– Домбыраның үні туралы айтар болсақ, біз театрда жұмыс істегендіктен, жиі қойылатын бір сұрақ бар: «Сахнаның сыры неде?» деп. Сол кезде біз: «Сахнаның сыры – әртістің жүрегімен, шынайы махаббатпен ойнауында» дейміз. Сонда ғана рөл шынайы, әсерлі болып шығады.
Дәл сол секілді, домбыраның да үні тек материалға байланысты емес. Ағаш – ағаш. Түрі мен түсі әртүрлі болғанымен, негізгі мәні – шебердің қолында. Егер шебер домбыраны шынайы сезіммен, сүйіспеншілікпен, «үнін ашайын, халықтың жүрегіне жетсін» деген ниетпен жасаса – аспап та соған сай үн береді. Домбыраның жаны болады десек, сол жанды оятатын – шебердің жүрегі.
– Қазір жастар домбыраға қаншалықты қызығады? Тапсырыс көбейіп жатыр ма?
– Бұрынғы заманда өнер қалай бағаланғанын дөп басып айта алмаймыз. Бірақ қазіргі уақытта өнерге, әсіресе ұлттық аспап – домбыраға деген қызығушылық артып келе жатқанын байқаймын. Домбыраға құмартып, үйреніп жүрген жастар аз емес. Маған бұл – қуанышты жайт болып көрінеді.
– Сіз жасаған домбыралардың ішінде ерекше есте қалғаны бар ма?
– Есте қалған ерекше бір сәт – 1993 жыл, мен 15 жастамын. Ол кезде мал бағып жүретінбіз. Әкем жұмыстан шаршап келгенде домбыра шертетін, өзі ән шығарып, әуендетіп отыратын. Сол бір күндері әкемнің сүйікті домбырасы сынып қалды. Ауылға ағаларым келіп жатқан кез еді. Әкем оларға: «Ауылдағы шеберден бір домбыра әкеліп беріңдерші, менің домбырам сынып қалды» деп тапсырған.
Бірақ олар келесіде ұмытып кетіпті. Әкемнің сол сәттегі көңілі түсіп, қатты ренжігенін көрдім. Сонда бала жүрегіммен: «Мен әкеме домбыра жасап, тосын сый жасайыншы» деген ой келді. Сынған домбыраны қарап отырып, есік алдында жатқан бір ағашты алып, өлшеп, кесіп, қолымнан келгенше жасауға кірістім. Абай домбырасына ұқсас етіп, қалақ формада сызып, шауып, жасадым. Ол кезде перне байлау, мойын өлшемі сияқты техникалық дүниелерді білмеймін, ешқандай құрал-сайман да жоқ. Бірақ бір ерекше шабытпен жасап шықтым.
Ішек тағып, перне байлап болған соң, домбыраны қолыма алып шерткенімде, одан шыққан үн ерекше болды – таза, мөлдір, жанға жағымды дыбыс. Қалақ домбыраның үні өзіне тән болады ғой. Кейін сол домбыраны төрге іліп, үкі тағып, әкеме тосын сый жасаған едім. Бұл менің ең алғашқы әрі жүрегімде сақталып қалған ең қымбат домбырам. Сол сәт – мен үшін ұмытылмас естелік.
– Домбыра күні сіз үшін нені білдіреді? Бұл күннің мәні қандай?
– Домбыра күні – шын мәнінде ерекше мереке. Қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтап, оған көңіл бөліп жатқан ел басындағы азаматтардың бұл бастамасы мені ерекше қуантады. Бұл – қазақтың шын мәнінде өз тамырына оралып жатқанын, рухани болмысын бағалай бастағанының белгісі.
Мен үшін бұл күннің орны бөлек. Қара домбырамыз кеңінен насихатталып, әр қазақтың төрінен лайықты орын алсын деген тілегім бар. Келіп жеткен мереке барша халқымызға құтты болсын!
Домбыра – қазақтың жаны, тарихы, мәдениеті. Нұржан Мұсаев сияқты шеберлер сол ұлттық құндылықты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүр. Қолмен жасаған әр домбырасының артында жылдар бойы жинаған тәжірибе мен жүрекпен берілген махаббат жатыр. Домбыра күні – тек бір күндік мереке емес, ол ұлттық өнерді бағалау мен дәріптеудің бір белгісі.
