
Бейнеу ауданында мемлекеттік қызметте бірнеше жылдан бері жемісті еңбек етіп жүрген Айжан Төлепбергенова өз саласының білікті маманы. Аудан орталығында ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінде жұмыс істейтін ол бұл салаға кездейсоқ келген жан емес. Otpannews.kz сайтының тілшісіне сұхбат берген Айжан Рахатқызы ауданда атқарып жатқан жұмыс жайы туралы әңгімелеген еді.
- Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Бұл салаға деген қызығушылық қайдан басталды?
- Мемлекеттік қызметке келуім — кездейсоқтықтан туған мүмкіндік емес, бұл – саналы түрде жасалған таңдау. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезімде түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Студенттік кеңесте қызмет еттім, жатақханадағы тәртіп пен ұйымшылдықты қамтамасыз ететін жетекші ретінде танылдым. Сонымен қатар, әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып, жастардың белсенділігін арттыруға атсалыстым. Осы тәжірибе маған көп нәрсе үйретті – адамдармен тіл табысу, ұйымдастырушылық қабілет, жауапкершілік әрі ең бастысы — халыққа қызмет етудің қадірін сезіндім. Осы қабілеттерімді ары қарай мемлекеттік деңгейде қолданғым келді. Университетті аяқтағаннан кейін «Жастар практикасы» арқылы жергілікті атқарушы органға — “Бейнеу аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі” мемлекеттік мекемесіне түйіндеме тапсырдым. 4 айдың ішінде өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, мекемеге бас маман ретінде қабылдандым. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін. Мемлекеттік қызмет – менің өмірлік жолым, таңдауым әрі мақтанышым.
- Қазіргі қызметіңізді және атқарып жатқан негізгі міндеттеріңізді айтып берсеңіз...
- Ауданда тілдерді дамыту және ономастика бағыты бойынша қызмет етемін. Бұл сала – тіл саясатын жүзеге асыруда, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, ұлттық бірегейлікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Күнделікті жұмысымда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, оны кеңінен қолдануға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырамын. Сонымен қатар, елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін көшелер мен мекемелерге беру мәселесімен айналысамын. Жергілікті тұрғындармен жұмыс істеп, олардың ұсыныс-пікірлерін зерделеп, республикалық және облыстық комиссиялармен бірлесе отырып, ономастика саласын жетілдіруге күш салып келеміз. Бұл қызмет — тек құжаттармен жұмыс істеу ғана емес, бұл — ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту жолындағы үлкен миссия.
- Бейнеу ауданының дамуына қандай үлес қосып жатқаныңызды қалай сипаттайсыз?
- Бейнеу ауданы — менің туған жерім. Оның өркендеп, мәдени, әлеуметтік тұрғыда дамуы мен үшін өте маңызды. Өзімнің жұмыс істейтін салам арқылы халықтың рухани әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған нақты жобалармен айналысып келемін. Мысалы, бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында ауданымыздың үздік отбасыларын алға шығарып, олардың өмірін облыс пен республикаға үлгі етуге күш салдық. Бұл тек жарыс емес, бұл — отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы қоғамды бекемдеудің жолы. Сондай-ақ, ауданымыздан шыққан тарихи тұлғалардың еңбегін ескере отырып, олардың есімін көшелерге беру, халық жадында жаңғырту жұмыстарымен де айналысамын. Мұның барлығы — ұлттық сананы көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс.
- Мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің ең үлкен жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?
- Мемлекеттік қызмет – бұл халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір. Мұнда әр шешімің, әр әрекетің ел тағдырына, адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл салада ең басты жауапкершілік – халықтың сенімін ақтау. Әрбір мемлекеттік қызметкер халықтың мәселесін шын мәнінде жүрекпен сезіне алуы қажет. Біз тек нұсқаулықтарды орындаушы емеспіз – біз қоғамдық процестерді бағыттаушы, өзгерістерді іске асырушы тұлғамыз. Жауапкершілік – бұл жай ғана міндет емес, бұл – сенім мен абыройдың үйлесімі. Мемлекеттік қызметте түрлі жобаларға қатыстым, алайда ерекше мақтанышпен айта алатыным – «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы аясындағы жетістіктеріміз. Аталған жоба бойынша Бейнеу ауданы үш жыл қатарынан облыстық деңгейде бас жүлде иеленіп, республикада үздіктердің қатарынан көрінді. Бұл - бір адамның емес, тұтас ұжым мен аудан жұртшылығының жемісті еңбегі. Біз отбасылардың тарихын, өмір сүру салтын, үлгілі болмысын көпшілікке үлгі етіп көрсетіп, олардың қоғамдық маңызын арттырдық. Отбасы — қоғамның негізі екенін дәлелдей түскендей болдық.
- Қызметте қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз және оларды қалай еңсердіңіз?
- Қызмет жолымның бастапқы кезеңінде бөлімде тек бір басшы, бір орынбасар және бір бас маман ғана жұмыс істедік. Яғни, бар жүктеме осы санаулы қызметкерлерге түсетін. Уақыт жетіспеушілігі, көп міндет пен шектеулі мүмкіндік – үлкен сынақ болды. Алайда осындай жағдайда жұмыс істеу мені тез шыңдады. Уақытты тиімді жоспарлау, бір-бірімізбен үйлесімді еңбек ету және шұғыл шешім қабылдай білу сияқты маңызды дағдыларды меңгердім. Қиындық – өсуге мүмкіндік, ал сенім – сол жолдағы басты тірек екеніне көзім жетті. Салада қызмет ететін жас мамандарға айтарым бұл жол – жеңіл жол емес, бірақ мағынасы терең. Мемлекеттік қызмет – күн сайын дамуды, білімді жетілдіруді, адаммен жұмыс істей білуді талап ететін сала. Өз жұмысыңа адал болу – ең басты қағида. Сабыр мен жауапкершілік, әділеттілік пен жанашырлық – осы қасиеттерді бойына сіңірген маман ғана мемлекеттік қызметте ұзақ әрі сапалы жол жүре алады. Ең бастысы – халыққа шын көңілмен қызмет ету. Сонда жұмысыңның нәтижесі де, қадірі де болады.
- Сіздің ойыңызша, тиімді мемлекеттік қызметкер қандай болу керек?
- Тиімді мемлекеттік қызметкер — бұл өз саласының үздігі ғана емес, сонымен қатар қоғаммен тиімді коммуникация жасай алатын, тыңдай білетін, дұрыс шешім қабылдайтын кәсіби маман. Ол — сенімді, жан-жақты білімді, заманауи технологияларды меңгерген және халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін адам. Мұндай маман өз уақыты мен ресурсын тиімді жоспарлайды, командамен жұмыс істей алады және бастамашыл. Ол өзгерістерден қорықпайды, керісінше, соған себепкер бола біледі.
- Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен халықпен кері байланыс қалай қамтамасыз етіліп отыр?
- Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен халықпен байланыс орнату – басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта әртүрлі тетіктер қолданылады: қоғамдық қабылдаулар, әлеуметтік желілердегі белсенді жұмыс, халықпен кездесулер, сауалнамалар және кері байланыс құралдары арқылы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Халықпен ашық әрі шынайы сөйлесе білу – мемлекеттік қызметкердің басты міндеті. Бүгінде біржақты бұйрық беретін емес, диалог жүргізе алатын, кері байланысты ескеретін жаңа форматтағы мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді. Бұл – уақыт талабы, әрі халық сенімін сақтаудың жолы.
- Әңгімеңізге рахмет!
