Маңғыстаулық тігіншілер референдумға барады
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік және Жаңаөзен қалалық коалициясының ақпараттық-түсіндіру тобы «Жанарыс» ЖШС ұжымымен кездесті деп хабарлайды otpannews.kz
Тігін фабрикасы еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Түрлі сала қызметкерлеріне арналған жұмыс киімдерін дайындайтын ұжымда жүздеген адам еңбек етеді. Ұжым еліміздегі қоғамдық-саяси реформалар кезінде жаңа бастамаларды үнемі қолдап, үн қосып келеді.
Жиында өңірлік коалицияның төрағасы Нұрбек Қарасаев еліміздің жаңа дәуірге қадам басқанын, осыған байланысты Конституцияның жаңа жобасына өркениет талаптарына сай өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Бұл еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртiптi сақтауға, адам құқығын қорғауға негізделгенін түсіндірді.
Өңірлік коалицияның мүшелері Жаңбырбай Матаев пен Нұри Тумышев адам құқығы мен бостандығына Конституция деңгейінде берілген кепілдіктер, мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту нормалары туралы баяндады.
Жиында сөйлеген коалиция мүшелері, еліміздің болашағы үшін жаңа Конституцияны қолдауға шақырды. «Жанарыс» ЖШС директоры Жаңбырбай Дәрменов ұжым мүшелерінің референдумға толық қатысып, азаматтық ұстанымын білдіретіндігін жеткізді.