Жаңаөзенде жылына 1,3 млн жұмыртқа өндіретін шағын құс фермасы ашылды
Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында жеке кәсіпкердің бастамасымен шағын құс фермасы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда жоба қуаттылығының 30 пайызы іске қосылды. Қалған бөлігі алдағы уақытта кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Ферма толық қуатына шыққан кезде жылына 1,3 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланған. Бұл өз кезегінде 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір ғимараттың климаттық жағдайын реттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өндіріс үшін қажетті негізгі шикізат - балапандар Ресейден жеткізілуде.
Қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев жауапты мекеме басшыларымен бірге нысанда болып, ферманың жұмыс барысымен танысты.