Оралдағы форум: Қазақстан мен Ресей диалогы – адам капиталына арқау
Оралда өткен Қазақстан – Ресей өңіраралық форумда еңбек адамдарының беделіне басымдық беріп отыр. Тоқаев пен Путин бейнеконференция арқылы қатысқан бұл кездесуді ресми форматтағы хаттама жиыннан гөрі экономикалық философияның жаңғыруы деп қарастырған жөн.
Әсіресе, бұл тұрғыда білім саласының маңызы зор. Тоқаев атап өткен дуальды оқыту мен кәсіпорындардың оқу үдерісіне қатысу тетігі жұмысшы мамандықтардың маңызын көрсетіп береді. Сондықтан 100 мың студенттің 18 мың кәсіпорында тәжірибеден өтуін түпсаналық тұрғыда өзгерістің белгісі ретінде қарастырған жөн.
Форумда көтерілген атом энергетикасы мен жаңа технологиялар тақырыбы да еңбек философиясының өзгеруін көрсетеді. Болашақ АЭС құрылысына 9 мың маман тартылатыны айтылды. Бұл тек энергетика емес, білікті еңбекке деген жаңа идеологиялық тапсырыс. Егер осы саладағы мамандықтар тартымды, абыройлы, жақсы табыс көзіне айналса, жастардың таңдау векторы өзгереді.
Алайда мәселе тек кадр даярлауда емес. Негізгі мәселе қоғамның еңбекке деген көзқарасын өзгерту. Бізде«қолмен істейтін адам» деген тіркес әлі де менсінбеушілік реңкке ие. Ал Тоқаевтың айтқан«еңбек адамы табысты тұлғаның үлгісі болуы тиіс» деген пікірі осы стереотипті бұзып-жаратын көзқарас.
Қазақстан мен Ресейдің арасындағы 30 миллиард долларлық сауда айналымы және жүздеген ортақ жоба – өз алдына экономикалық жетістік. Бірақ бұл цифрлар тұрақты болу үшін, екі елдің өндірістік және техникалық әлеуетін ұстап тұрған адам капиталы мықты болуы шарт.
Қысқасы, форумның басты мағынасы — еңбек адамының мәртебесін саяси риторикадан өмірлік идеология деңгейіне көтеру. Егер осы сөз нақты саясатқа, нақты қолдауға айналса, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» ұран емес, жаңа экономикалық дәуірдің бастауына айналуы мүмкін.
Әділет Орынбасаров