Маңғыстаулық полицейлер шетелдік туристерге көмек көрсету үшін ағылшын тілін меңгеруде
Күзде Ақтауда он екі полицей екі апта бойы ауызекі сөйлеу курстарынан өтіп, тілдік дағдыларын жетілдірді. Енді маңғыстаулық патрульдік полиция қызметкерлері жолдарда қиын жағдайға тап болған шетелдік туристерге көмек көрсете алады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жеделдетілген тілдік курстар өз нәтижесін берді. Полицейлер алған білімін іс жүзінде қолданып та үлгерді. Мәселен, Жетібай–Шетпе трассасында Бозжыра шатқалына бара жатқан екі шетелдік турист ұялы телефонын жоғалтып алған. Көмекке келген патрульдік полиция тіл білгенінің арқасында жағдайды тез шешіп, жоғалған телефонның табылуына көмектесті.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция инспекторы, полиция капитаны Алишер Мамашевтың айтуынша, ол мектепте ағылшын тілін оқыған, ал университетте бастапқы деңгейде меңгерген. Жұмыста тегін тілдік курсқа қатысу ұсынылғанда келісіп, аптасына екі рет сабаққа қатысады.
Мен үшін ең қиыны грамматика болды, әсіресе ағылшын тіліндегі шақтар жүйесі мен бір сөздің бірнеше мағына беруі. Университеттен бері біраз нәрсе ұмытылып кеткен еді, өйткені күнделікті өмірде ағылшынша сөйлеспейміз ғой. Бұл курстар ұмытылған білімді еске түсіруге, сонымен қатар сөздік қорымды кеңейтуге көмектесті, — дейді Алишер Мамашев.
Полицейдің айтуынша, қазір ол шетелдік туристермен сөйлесіп, олардың не айтқысы келгенін түсініп, қажет жағдайда түсіндірме бере алады.
Президентіміз өз Жолдауында жол қауіпсіздігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Бұл әсіресе бүгінде өз көлігімен Маңғыстауға келетін шетелдік туристер саны артқан кезде өте өзекті. Көптеген алыс шетелден келген туристер Қазақстандағы жол ережелерінің кейбір ерекшеліктерін білмеуі мүмкін, түрлі жағдайларға тап болады. Сондықтан біз оларға көмек көрсетуге дайын болуымыз керек, — дейді патрульдік полиция инспекторы.
Курстарды жүргізетін ұстаздар жергілікті университет оқытушыларының арасынан таңдалды. Олардың бірі — студенттер мен ересектерді оқытуда тәжірибесі бар маман Гүлнар Ержанова.
Полиция қызметкерлері алғаш келгенде олардың ағылшын тілі деңгейі «beginner» болды. Олар тек әліпбиді біліп, кейбір сөздерді оқи алатын. Екі апта ішінде біз олардың сөздік қорын көбейтуге және шетелдік туристермен нақты тақырыптар бойынша сөйлесу дағдыларын дамытуға назар аудардық. Курс соңында полицейлер туристермен қарапайым деңгейде сөйлесе алатын болды. Сондай-ақ оларға қызмет барысында қолдануға болатын пайдалы сөз тіркестері мен лексикалық материал берілді. Курсты аяқтаған соң, полицейлер қорытынды тест тапсырып, 80–90 пайыз дұрыс жауап берді, — дейді оқытушы.
Айта кетейік, мұндай курстар алдағы уақытта да жалғасын табады.