Маңғыстауда оқу орнын аяқтаған жастар бағдарламамен жұмысқа орналаса алады
Маңғыстау облысында өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысымен оқу орнын жаңа аяқтаған жұмыссыз жастарға мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың хабарлауынша, бағдарламаның басты мақсаты - жастардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.
- «Жастар практикасына» 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Олар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы, оқу орнын тәмамдағаннан кейінгі 5 жыл ішінде мамандығы бойынша жұмыс өтілінің болмауы және жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет, - деп атап өтті Жастар саясаты жөніндегі басқармасы.
Бағдарламаға қатысу мерзімі 1 жылдан аспайды. Қатысушыларға ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде еңбекақы төленеді.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуге немесе egov.kz және enbek.kz электрондық үкімет порталдары арқылы онлайн өтініш беруге болады.