Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ауылда тұратын әйелдер арасында жатыр миомасы және қант диабеті жиі кездеседі

|
12.11.2025 16:41
Ауылда тұратын әйелдер арасында жатыр миомасы және қант диабеті жиі кездеседі
Қазақстан теміржолшысы

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері жұмыстың аралық қорытындысын шығарып, еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын әйелдер арасында жиі кездесетін ауруларды атады, деп хабарлайды otpannnews.kz.


Medpoezd.kz-тің хабарлауынша, биыл пойыз бағыты Маңғыстау облысынан басталды. Ол Тұрыш, Сайөтес, Болашақ, Қарақия, Шетпе, Ақжігіт, Бейнеу, Қорқол және Боранқұл ауылдарында болды. 22 мамыр мен 6 маусым аралығында өңірдің 7515 тұрғыны тегін көмек алды.


Алты ай ішінде медициналық пойыз еліміздің 16 өңіріндегі 100 станцияны аралап, 73 780 тұрғынға тегін көмек көрсетті. Оның ішінде 43 657-сі – әйелдер.


Дәрігерлердің айтуынша, ауыл әйелдері арасында жатыр миомасы, эндокриндік бұзылыстар, жүрек, көз аурулары және қант диабеті жиі кездеседі. Көп жағдайда дерттің асқынуы дер кезінде диагностика жасалмауы мен профилактикалық тексерулердің болмауына байланысты.


«Көптеген әйел ауруды асқындырып барып қана дәрігерге жүгінеді, себебі ауылдарда тар бейінді мамандар жоқ, ал ең жақын медициналық орталық жүздеген шақырым қашықта орналасқан. Біз емдеумен қатар, профилактиканың және тұрақты тексерудің маңыздылығын түсіндіруге тырысамыз. Әрбір пациентке жеке ем жоспары жасалып, қажет болған жағдайда облыстық немесе республикалық клиникаға жолдама беріледі», — деді медициналық пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов.


Әйелдер арасында офтальмолог, невропатолог, кардиолог, терапевт және УДЗ мамандарына сұраныс жоғары.


Пойыз құрамында терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, оториноларингология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалдық диагностика, рентгенология және психология бағыттары бойынша 29 дәрігер қызмет атқарады.


Пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, зертханалық талдаулар және басқа да тексерулерден өтуге болады. Қажет болған жағдайда дәрігерлер шағын хирургиялық операциялар жүргізеді. Барлық санитарлық және техникалық талаптар толық сақталған, пойыз заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.


Дәрігерлермен қатар, ауыл тұрғындарына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері – заңгерлер мен медиаторлар да кеңес береді. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге және құқықтық рәсімдер бойынша түсіндірулер жүргізуге көмектеседі.


Қазіргі уақытта медициналық пойыз Түркістан облысында жұмыс істеуде. Алдағы уақытта ол Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарына барады.


«Саламатты Қазақстан» жобасы 2010 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ тобы атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның серіктестігімен жүзеге асып келеді.


Медициналық пойыздың өзекті қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!