Ақтауда жас жол инспекторлары “Қауіпсіз жол” квестіне қатысты
Бұл іс-шара ел көлемінде өтіп жатқан “Қауіпсіз жол” акциясы аясында ұйымдастырылды. Балалар қауіпсіздігінің алдын алып, жолда жүру ережелерін сақтауға шақыратын бұл ойын Ақтаудағы жалпы білім беретін №23 мектепте өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Республиканың бүкіл аймағында өтіп жатқан бұл апталыққа жас жол инспекторлары белсене қатысуда. №28 мектеп оқушылары бүгінгі ойында 3 топқа бөлініп, білімдерін ортаға салды.
Қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап берді. Топтық тартыс аясында өз қабілеттерін көрсетіп, жылдамдық танытқандары жеңіске бір табан жақындады.
“Бүгін біздер қызыл,сары, жасыл деген 3 топқа бөліндік. Бүгінгі квест ойыны 4 аялдамадан тұрды. Әр кезеңге өту үшін топтасып тапсырма орындап, сұрақтарға жауап бердік. Ең көп ұпай жинап, менің тобым 1-орынды жеңіп алды. Квест қызықты өтті, жол ережелерін жаттап, жолдағы қауіпсіздік туралы көп мағлұмат алдым”,- деді ойынға қатысушы Жанерке Мамыр.
Бұл іс-шараға мектеп ұжымы мен полиция департаменті өкілдері қатысты. Департаменттің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Абзал Яхиевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың жолда жүру ережесін бұзбауына үлкен септігін тигізеді.
“Жыл басынан бері жол көлік оқиғасы салдарынан 700-ге жуық бала жарақаттанып, 10 бала қаза тапты. Бұл көрсеткіштер балалардың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төнетіндігін көрсетеді. Осы себептен полиция өкілдері жас жол инспекторларымен бірге танымдық кездесулер өткізуде. Апталық аясында бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда”,- деді полиция подполковнигі Абзал Яхиев.