Ақтау және Астрахань қалалары арасындағы байланыс нығаяды
12 қараша күні Ақтау және Астрахань қалалары арасында 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жөнінде меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, екі қала арасындағы келісім – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асты.
Қол қою рәсімі онлайн форматта өтті. Іс-шараға Ресей Федерациясы Астрахань облысының Сыртқы байланыстар министрі міндетін атқарушы Илья Торопицын, Қазақстан Республикасының Астрахань қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов, «Астрахань қалалық округі» муниципалдық бірлестігінің басшысы Игорь Редькин және Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қатысты.
Кездесу барысында тараптар экономика, жастар саясаты, мәдениет және ақпарат салаларындағы іс-шаралар жоспары жөнінде меморандумға қол қойды.
Әбілқайыр Байпақов өзара тәжірибе алмасу, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды кеңейту арқылы қос қаланың тұрақты дамуына серпін беретінін айтып, Ақтау қаласы әрдайым ашық диалог пен нәтижелі әріптестікке дайын екенін жеткізді.
- Бүгінгі қол қою рәсімі – Ақтау мен Астрахань қалалары арасындағы көпжылдық достық пен өзара түсіністіктің жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға. Біздің аймақтарды тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар ғана емес, Каспий өңіріндегі ортақ мүдделер мен стратегиялық серіктестік те біріктіреді. Осы келісімнің жүзеге асуы екі қаланың тұрғындарына нақты нәтиже әкеліп, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайта түсетініне кәміл сенемін, – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Еске салайық, Ақтау және Астрахань қалалары арасындағы бауырластық 2022 жылдан басталды. Бүгінгі 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам болып табылады. Құжат аясында мәдениет, білім, туризм, көлік-логистика, экология және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген.